Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  67


Автор: Ғафу Қайырбеков

ІЗІМ ЕСКЕНДИРОВ КӨШЕСІНДЕГІ ОЙ

I
Үлкен жол – «Горный Гигантқа» апаратын –
Ескендиров көшесі аталатын.
Өзі де кең көшедей адам еді,
Азамат, аппақ көңіл, адал ақын.
Алатау иығына күн қонғанда
Болмайды ондай сұлу бұл жалғанда,
Сол кезде қыдырамын сол көшемен,
Еске алып озып кеткен жылдарды алға...
II
...Ол кезде он жастағы бала едім мен,
Елігіп осы өлеңнің əлегімен
Жел гулеп көкіректе жүрген кезім,
Журналдың жыр оқимын əр жерінен.
Ол журнал «Əдебиет майданы» еді,
Бұлбұлдар бетінде оның сайрап еді.
Солардың ғажап үнін естуші едім,
Бетіме тиетіндей майда лебі.
Кездестім сол журналдың жүзінде мен
Ақынмен «Ескендиров Ізім» деген.
Елестеп Такламакан, Тұрпан өлке –
Өң түгіл, көрмеген жер түсімде мен.
Білмеймін ұйғыр деген ұлттың барын
Əйтеуір елең атты тұтқындамын.
Бойыма тарай берді оның жыры,
Қазақтың өз сөзіндей жұттым бəрін.
III
Арада сан жыл өтті, болдым ақын,
Өзімше із салатын, жол құратын.
Іздедім: «Ізім-аға қайда екен? – деп,
Бар болса кезі болды жолығатын».
«Жоқ» – деді, əлдебіреу міңгірледі,
Көбісі ол жайында дым білмеді,
Дедім мен: «Жоқ болуы мүмкін емес, –
Əлі тұр құлағымда күмбірлері».
Қайғылы ой биледі енді мені
Ұйғырдың Хизметтей ер жүрегі: –
Қиындау бір сапардан оралыпты,
Еліңе Ізім-ағаң келді! – деді.
Қуандым екі қолым шапалақтап,
(Ол кезде кəсібіміз – қалта қақпақ)
Есімде екеулесіп құрастырып,
Бір-бірден тартып алдық шалқалақтап.
IV
Кісі екен ер мұрынды, бойы сұңғақ,
Ат жақты, əлі күнге сұлу сымбат,
Кішкене көздерінен тұрады екен
Күп-күрең, қарағанда, от ұшқындап.
Ол мені құшақтады күлімсіреп,
Есімде, сұраған жоқ: «Бұ кімсің?» – деп
Тұрғандай болды маған ашық жүзі:
«Баяғы бірге туған туысым!» – деп.
Біз содан кеттік сан жыл қолтықтасып,
Жыр жаздық, өлеңдеттік шалқып тасып.
Ол маған баласың деп қараған жоқ,
Шынды да, əзілді де айттық ашық.
Өленнің дариясында жүзетінбіз,
Түбінен бірге маржан сүзетінбіз.
Арылтып арам шөптен, тікенектен
Атқардық поэзия күзетін біз.
Достыққа жүйрік еді болдырмаған,
Суарып, көңіл гүлін солдырмаған.
Қасымда нар жүргендей болушы едім,
Армандай елестейді сол күн маған.
Көрсе де ырылдаған көп төбетті, –
Деген жоқ ешкім мені өкпелетті,
«Жəркентке бір апарам!» – деуші еді ылғи
Амал не, ол сертіне жетпей кетті...
Қадірін өз халқының жүз ұқтырып, –
Жырлаушы ед күннен сəуле үзіп тұрып, –
«Керемет шаһар Жаркент, Ұйғырстан!» –
Деп бізді қоюшы еді қызықтырып.
Керемет шаһар Жаркент, рас бүгін,
Алдымнан алып шыққан мирас гүлін.
Сағынам сонда-дағы көзім аңсап,
Ұйғырдың əдебиет классигін!
Ол берген орындалды сөзі маған,
Тебіреніп бір тамшы жас көзіме алам.
Қапсырып құшақтаған секілденді
Қайран да Ізім-ағам, өзім ағам!
Қыдырам – ойлар қамап таласатын,
Мен оның атағанда оңаша атын.
Көше боп, кеудесінен ел өткізіп,
Жасайды ол ұйғырдағы тамаша ақын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу