Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  80


Автор: Ғафу Қайырбеков

Ес білмей мен əкеден қалдым жастай...

Ес білмей мен əкеден қалдым жастай,
Жалғыз ұшқан аспанда қарлығаштай.
Жетімдіктің желі кеп үйіргенде,
Тағдырыма қарадым жағымды ашпай.
Қандай еді, кім еді ол, сөнген шырақ –
Ақын ба, батыр ма еді? – деген сұрақ
Көп жүрді көкірегімде жауап таппай,
Ештеме жарытпадым елден сұрап.
Содан соң қиялымда салдым сурет –
Сендірдім өзімді өзім дəл осы! – деп.
Ат жақты, қою қабақ, бүркіт тұмсық
Көзінің ағынан да қарасы көп.
Көмірдей жалтыраған сақал-мұрты.
Кескіні қара күрең. Дене сырты
Қоңды емес, ортадан сəл биік бойлы,
Қасқа бас, кең маңдайлы – тұлға, тұрқы.
Түп-түзу, қырық жеті жаста ғана,
Ол мені өз артына тастағанда
Көзімде – жайдақ шана, қызыл кілем
Шашағы сүйретілген ақша қарда.
Содан соң «құлқуалла» – қыс бойына
Нағашым соғатұғын үш қайыра,
Өлеңдей естілетін еді маған –
Əлде адам, əлде ұшқан құс жайында...
Сол сурет əлі күнге қаз-қалпында.
Қалды деп, жұрт жұбанар «көзі артында» –
Келемін өмір бойы серік етіп,
Есімін қосып алып өз атыма.
Жіберер алдына сап кейде мені –
Ол маған шын əкелік көңілі еді.
Сол кезде менің «Ғафу» деген атым
Кешірім сұрағанымдай көрінеді...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу