Өлеңдер ✍️

  10.07.2022
  74


Автор: Ғафу Қайырбеков

ЖҮЗ ҚОҢЫРАУ

Кел, балалар!
Академиктер, ғалымдар!
Дəл бүгінгі далаға біткен дарындар!
Қолдарыңды Қостанайға созыңдар,
Қол жетпесе – аяқ жетер – өзің бар,
Алтынсарин мектебінің басына
Бұл сағатта жүз қоңырау тағыңдар!
Тағыңдар да жер жаңғыртып қағыңдар!
Осынау мектеп – бар мектептің көкесі.
Жүз жыл бұрын көтерілген өркеші.
Жүз жыл бұрын қоңырауға сол қаққан
Жалт қараған бүкіл қазақ өлкесі.
Содан бастап дар ете қап сөгілген
Қараңғылықтың қалың шуда көрпесі.
Сонда оянған балалардың даусымен
Күн сағынған, нұр сағынған жер төсі!
Барлық оқу орындары!
Орындарыңнан тұрыңдар!
Оған арнап жалау байлап шығыңдар!
Оған арнап айтылмаған алғыс пен
Оған арнап жазылмаған жырың бар.
Келе жатыр жүз жасаған сол анаң,
Барлық мектеп!
Орындарыңнан тұрыңдар!
Ұстаз келсе – тұратұғын шəкірттей!
Үлкен сабақ басталады бүгін дəл!
Ыбырайдың өзі сабақ беретін!
Ұлы Диқан – білім ұрық себетін.
Сепкен дəні кəзір қаулап кететін
Ол халқының топырағына сенетін.
Болашақтың сарайына кіргендей
Ол осы үйдің қақпасынан енетін.
Мəңгі мектеп, сен алғашқы кемесің.
Қара мұхитқа жалғыз сапар шегетін.
Сол тереңнен мықты тамыр тартып ап,
Талай шынар тұрды көкте жарқырап,
Талай талант – мақтанышы халықтың
Ел арманын, ел үмітін артып ап,
Бақыт үшін күрестерде бас тіккен,
Астарында арғымақтар арқырап,
Бастарында азаттық ту желбіреп,
Жолдарында жанып-жайнап бар шырақ
Талай шəкірт енді кəзір ел баптап,
Жердің үстін алтын теңіз дəн қаптап,
Жер астынан жез бен темір суырған,
Сол баяғы саған берген антты ақтап,
Көк ғарышқа күнде балаң ұшады
Арманындай айшылықты алты аттап,
Соның бəрі ғажап өмір кешеді
Сенің асыл босағаңды ардақтап!
Жүз, қоңырау!
Кəне, сыңғыр қағыңдар!
Жаңғырыңдар, жер шетіне барыңдар!
Ыбырайдың ескерткішін қоршалап,
Кəне, қаздай тізіліңдер, балғындар!
Көкірегінде шамнан шырақ жағылған,
Барлық туыс, бақытты ұрпақ бауырлар,
Кəне, қаптап кіріңдерші класқа,
Мəңгі мектеп бəріңді де қабылдар!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу