Өлеңдер ✍️

  10.07.2022
  61


Автор: Ғафу Қайырбеков

АҒАЛАР ТУРАЛЫ ОЙ

– Елге барам дейсің сен,
Сонда кімге барасың?
Бұйырмасын түсінсем,
Өзің қазір ағасың,
Əлде онда бар ма еді
Не жиенің, нағашың? –
Деді маған бір күні
Қартаң тартқан жазушы.
– Сақтап қалған бұрынғыны
Болса жақсы аз кісі.
Қазір бəрі жаңа ұрпақ,
Олар басқа жиын ғой.
«Мынау кім?» – деп таңырқап,
Қарап тұрса, қиын ғой.
Жас дегенің қайда жоқ,
Көз көргенің бір басқа.
«Туыспын» деуден пайда жоқ
Туыссырап тұрмаса.
Мысалы менде ешкім жоқ,
Сосын барып неғылам.
Сонда туып, өстім, – деп,
Кіміме айтып нандырам?
Мен алдым да кезекті –
«Бар ғой əзір», – дей салдым.
Жылдар өтті, көз жетті
Айтқанына сол шалдың.
Бар еді ғой аға да,
Нағашы да, жиен де,
Жарайтұғын панаға,
Жарайтұғын сүйеуге.
Өзім көрген көп есік
Жабылыпты бұл шақта.
Əрбірі бір төмпешік –
Қалып қойған қыр жақта.
Өз-өзімнен дір етем,
Қайта жауып қақпаны.
Келген сайын бір-екеу
Жоқ боп қалып жатқаны.
«Ағаң болса – елге бар,
Інің болса – қайтесің, –
Дейді маған əлгі шал:
– Барып келіп, айт өзің!»
Айналайын ағалар,
Аз болсаң да – барсыңдар.
Тілектен басқа не амал бар,
Түсінетін шығарсыңдар.
Келіп-кетіп жүрейін
Əлі де біраз шыдарсыңдар!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу