Өлеңдер ✍️

  10.07.2022
  74


Автор: Ғафу Қайырбеков

Таңғы сағат бес жарым...

Таңғы сағат бес жарым,
Күн кірпігін ашқан ба.
Көтеріп қойып бас жағын,
Қарайды Дунай аспанға.
Сəулесі бар өзі жоқ,
Күн қайда – деп іздесем.
Сол жақта бір көзі көп,
Ғаламат үймен жүздесем.
Иығында дəл соның,
Бейне алтын сырғадай.
Таба алмай жүрер оң, солың,
Ілініп қалған күн қалай?
Қолымды жайып ұмтылам,
Шығармай іштен үнімді.
Босатқым келіп тұтқыннан,
Қашаннан серік күнімді.
Жұтқандай жартысын ауаның,
Венаның демін тыңдаймын.
Үйі екен анау БҰҰ-ның
Сол жағын алған Дунайдың.
Қызығам ақын көңілмен,
Осынау əсем суретке.
Тұр екен БҰҰ – деймін мен,
Тапсырған əлем міндетте.
Салынған күшпен зор сарай –
Жақсылықты ылғи жақтаса.
Қолтыққа қысып дəл солай,
Тыныштық күнді сақтаса!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу