Өлеңдер ✍️

  10.07.2022
  119


Автор: Ғафу Қайырбеков

ЗЕЙНОЛЛА ҚАБДОЛОВ

– О, шіркін, ол оқыса лекцияны
Басыңа мағлұмат көп сияды.
Сүйреткен жуан портфель профессор көп,
Өзінің доценттік те жоқ сияғы.
– Ал мынау жөнелгенде шалқып ұзақ,
Байлаған сөзі сиқыр, мықты дұзақ,
Болсаң да залда отырған жүз көген көз,
Тастайды жалғыз сөзбен жатқызып-ақ!
– Қабдолов – профессор өте мықты,
Əй, бүгін сабақ неғып ерте бітті? –
Деді де, бас поштадан басып озып,
Қасымнан екі студент өте шықты...
Қабдолов... қиялыма кеп кіргенде,
Алыс жыл, алдеқайда кеттім мен де.
ҚазМУ-ге жамырасып келіп жеттік,
Соғыстың жамауы бар етек, жеңде.
Бір бөлме, он бес бала, темір койкі,
Оның да сирақтары ойқы-шойқы.
Он екі ай ораза ұстап жүргендей-ақ,
Тəулікте бір тататын өңкей «софы».
Өзгеден тұрғандай-ақ өнер артып,
Домбыра жарық шанақ беделі артық.
Тойып ап жүгерінің құймағына,
Бір шетте отырушы ем өлең айтып.
Қара сұр, дөңгелек көз, мұрны қоңқақ,
Бір бала, күнде менің жырыма ортақ: –
Бауырым, сен Қасымды көрдім, – дейсің,
Жіберсең соны бізге бір сипаттап?! –
Дегені əлі есімде, ынталанып,
Кеудемді домбырамен қымтап алып.
Көргендей əулиені, көйіттім кеп,
Тыңдады ол, бар жұмысы сыртта қалып.
Əлде ол шырқауымды қызықтады?
Жөнелем тоқтап-тоқтап, сызып тағы.
Ықпалын ыммен жұмсап өзгелерге,
Сөзімнің желісін еш бұздыртпады...
Отыз жыл одан бері... кіл сыйласып,
Көңілдің сыңғыр-сыңғыр кілтін ашып.
Келеміз үлкен өнер бұлағынан,
Бас қойып, кезек-кезек сусындасып.
...Студент сөздерінің ып-ырасы, –
Менің дос көңілімнің тұп-турасы.
Ескірмей есімде əлі қалып қойған,
Көрсеткен сонда маған ықыласы.
Жақсысыз жазатұғын жан дертіңнен,
Не пайда байлығың мен дəулетіңнен?
О, шіркін, өтеді өмір ылғи шөлдеп,
Адамның ықыласын дəметумен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу