Өлеңдер ✍️

  09.07.2022
  104


Автор: Ғафу Қайырбеков

БИЛІКӨЛ ҮСТІНДЕГІ ƏН

Мұқатай Жармұхамедовке
ескерткіш.
Жақсы аға аты шыққан биік өрге,
Басының көп өткізген сыйын елге.
Бір сапар ақын жанды еркелетіп.
Апарған көл сұлуы «Билі көлге».
Толқында қайық есіп қалтылдатып,
Тереңнен балық аулап жарқылдатып.
Астында алтын күннің жүзіп едік,
Аймаққа əлсін-əлсін əн тыңдатып.
«Қамысы Билікөлдің мүше-мүше,
Сарғайдым осынау көлдің суын іше,
Əпитөк,
Қос қанат құсқа біткен маған бітсе,
Бармас па ем жан қалқаға əлденеше,
Əпитөк.
Уай, Əпитөк,
Көл жағалай тепсең көк,
Дүние қызық бəрі де бар,
Өз қасымда тек сен жоқ.»
«Пəлі-ай!» – деп жымияды Мұхаң маған,
Көзінде жігіт жігер мұқалмаған.
Көлденең көл үстінде көк қайықты,
Есуден екі қолы бір талмаған.
Есілген жібек жаны қандай жұмсақ,
Дейтұғын бұл дүниеге сондай тусақ.
Жақсымен жарты күнде бір жасадым,
Жайылар ылғи сөйтіп қайда құшақ!
«Билікөл, – Қаратаудың сəніндейсің,
Халықтың мың жыл салған əніндейсің.
Қалқатай, қайтсем саған қолым тиер,
Қасымнан күнде менің табыл, – дейсің,
Əпитөк.
Жетер едім – амал жоқ,
Жан сағынған сол еркемнен
Тым болмаса хабар жоқ!»




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу