Өлеңдер ✍️

  09.07.2022
  68


Автор: Ғафу Қайырбеков

ВАВИЛОННЫҢ СУЛАРЫНЫҢ БАСЫНДА

1
Вавилонның суларының басында
Мұңға батып, өзің барсың қасымда.
Отырдық біз сонау күнді еске алып,
Сəлім ердің соққысының астында.
Қашып еді-ау, босып еді-ау жау залым,
Оқ пен өртке тастап дүние, мал-жанын.
Біздің қыздар жылап еді сонда бір,
Енді солар жат өлкеде сорлап жүр.
2
Еркін толқын баяғыша жатты ағып...
«Əн сал, ойна!» деді жаулар мақтанып.
Құнсыз өңкей Вавилонның ұлдары
Садаға кет əнімізден, айтпадық!
Қасиетті əн естілгенше сендерге
Неге ғана біз кірмейміз кең көрге.
Егер біреу арфа шегін қозғаса,
Аруақ соғып, болсын өмір шерменде.
3
Дедік біздер, қойдық арфа талға асып,
Кеудемізден құт сарқылып, əн қашып.
Орындаймыз өсиетін Сəлімнің,
Ол өлсе де, біз жатырмыз жалғасып.
Тұрсын біздің асыл арфа үн қатпай,
Жел үрсе де жаз ішектері дір қақпай.
О, қуғыншы, жендет дұшпан, жел-құйын,
Бізбен сенің жараса алмас əн күйің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу