Өлеңдер ✍️

  29.06.2022
  105


Автор: Марфуға Айтқожина

«ƏН ШАҚЫРУ»

(Баллада)
І
«Əн салсаң, Əсеттей сал, арындаған,
Арындап əн сала ма, дарымаған?!.»
Аз сөзбен түйiн түйiп тастан берiк,
Айтпай ма даналықпен бəрiн де адам.
Өзiнiң өзi берген өр бағасын,
Əсеттiң тағдырына таңғаласың.
Айрылған тiрiдей-ақ перзентiнен,
Туған жер,
Көп зарыққан шерлi Анасың.
Артында қалып туған ауыл-аймақ,
Даланың кеткен сұмдық
Дауылы айдап.
Дауылға дауыл болып жауап бердiң,
Жүрсең де елден алыс, налып-ойлап.
Досың да өнерiңдi қас та көрген,
Даусыңды асқақтата аспан өрген.
Жеткiздiң əсем əнмен арманыңды,
Топырақ бұйырса да басқа жерден...
Табиғат жаратқан соң сыршыл етiп,
Өттiңiз,
Шығысты əнмен дүркiретiп!
Көмiлген көкiрекке жасың ба екен,
Бұлттар да бара жатыр бүркiп өтiп.
Бұлттар да сейiлгендей бүркiп өтiп,
Атыңды уақыт бүгiн жүр түлетiп.
Iленiң көк аспанын көк нөсердей,
Əншi, Əсет!
Өте шықты күркiретiп!
Соншама өмiр кешкен қайсарланып,
Өнерi өр едi деп, айтар халық.
Жастанып жатсаңыз да
Күнес жерiн,
Арқаға əнiң келдi қайта айналып.
Жатса да өмiр озып, сан сапырып,
Өттiңiз жыр жаудырып,
«Əн шақырып»...
Асқақ үн дамылдаса жазғы таңда,
Сезiммен iздедi жұрт, сонша тұнық!
Оянып сағынышпен ала таңнан,
Жаныңа өттi жылдар, жара салған.
Өнердi өр санаған өрелi елiң,
Түсiрмей өттi ақынын алақаннан.
Теңдессiз, əн самғаттың таңғалатын,
Бəрi де жаза алмады жан жарасын.
Астасып қоңыр үнiң
Қоңыр бұлтпен,
Мұра боп қалды ортаға аңғаратын.
Арқалы əн қауыштырса Шығыспенен,
Шығыста құшақ жайды, тынысты өрен.
Сай келiп өрлiгiңе сан өнерiң,
Қымтанып жатты дала пүлiспенен.
Дүрлiгiп өзен-көлдер, сай-саладан,
Дауысыңды алып шыңдар қайталаған.
Өнердей болмаса егер сүйенiшi –
Жат жерде,
Жат елiнде қайтер адам?!.
Шығыста асқақ əнмен көшiп атың,
Ел болып əн сазына қосылатын.
Бiр арман туындатып бiр арманды,
Ажалды өз қолыңмен тосып алдың...
Аңсаумен алыстағы «Қалқаны» да,
Бөледiң тау мен тасты қанша мұңға.
Серiнiң серпiндi үнi кiлт үзiлдi,
Үзiлдi, əн мен жырдың арқауы да...
Ақынға құрмет етiп жанын жайған,
Қоштасты күңiренiп
Қалың найман.
Күндердiң күндерiнен,
Жыл арнадан,
Келдi алып аман сақтап əнiңдi айдан.
Өтсең де көрiп қанша өмiрде азап,
Өлмейтiн əн қалдырдың не бiр ғажап!
Дүниенi дүрлiктiрiп жатқан жоқ па,
Қоңыр үн,
Қоңыраулатып,
Қоңыр қазақ!..
Қаншалық болғанымен сегiз қырлы,
Жеткiздi дегенiне өмiр кiмдi.
Кеудемде келем мен де шерте түсiп,
Кешегi Сiзден қалған қоңыр мұңды...
ІІ
Ұштасты жолыңызға жолым менiң,
Келедi көңiл толмай, толымды едiм.
Қорғанып, ендi неден
Қорынды елiм,
Болды ма сонша қалың сорым менiң?!.
Тағдырым, тағдырыңа жалғас қандай,
Арада уақыт қана алмасқандай.
Сабылтып сағынышты,
Сарқыламын,
Сенушi ем,
Сезiнушi ем, талмас жандай!..
Келемiн нəзiк жанды қайрауменен,
Ақынға ол да бiр сын таймау деген.
Елiнен амалсыздан алыс кетiп,
Аз ба екен,
Өткен жандар зарлауменен?!.
Көл-көсiр көкiректi айдынға орап,
Құс болып,
Құспен бiрге жайдым қанат.
Тобына қосыла алмай қалған жолы,
Ағарған құс жолына қалдым қарап...
Жеткiзер ұшқан құстар, қайда менi,
Құс болып,
Құспен бiрге сайра дедi.
Төсейiн толқыныңа бауырымды,
Қимасым, арманым да Сайрам едi.
Сағыныш шалқар едi елге деген,
Сабақтап сағыныштан өргем өлең.
Қосылып толқындайды, толқындайды,
Жарысып жон далада,
Жел мен өлең.
Бiлер ме, шөл қадiрiн шөлдемеген.
Əсеттiң əндерiндей төге салған,
Толқиды,
Тебiренедi көне Сайрам,
Талқының жанарындай жаудырайды ол,
Мен оған ешқашан да теңесе алман.
Ақынның кеттi неге назы мұң боп,
Арманым қалар мəңгi –
Азығым боп.
Тəңiр-ай,
Тұнып аққан тұнығы ем,
Иненiң жасуындай жазығым жоқ...
ІІІ
«Əн салсаң, Əсеттей сал арындаған,
Арындап əн сала ма дарымаған?!:»
Болса да қаз-қалпында
Сегiз мүшем,
Секiлдi сезiнемiн жарым адам...
Кетсе де талай елге шалқып үнiм,
Өтедi аңсаумен жарты күнiм.
Өтедi күрсiнумен түнiм тұтас,
Түсiме тағы да ендi,
Талқы бүгiн.
Не шара, түсiнгеннен өмiр мəнiн,
Алаңмен өткеннен соң көңiл жарым.
Əншi Əсет,
Ақын Əсет,
Асқақ Əсет,
Басыңнан өткердiң ғой соның бəрiн.
Жатса да қайғың келiп қапталыңнан,
Əндетiп асып едiң,
Қап тауынан!..
Тербетiп, тебiрентiп,
Тянь-Шаньды,
Күнестiң бiр-ақ шықтың шатқалынан...
Толтырып сағынышқа жанарыңды,
Төгiлттiң,
«Сейпiлмəлiк – Жамалыңды».
Аңыратып «Салиқа мен Сəменiңдi»,
Алыпсың, əнмен –
Асу, қамалыңды!..
Дейдi жұрт, «асқақ үнi тау асатын,
Атар таң,
Батар күнмен таласатын».
Сыйғызған бiр кеудеге қанша өнердi,
Не деген биiк едi парасатың!
Не деген шалқар едi ақыл-ойың,
Құшақтап тау менен көл,
Жатыр ойын...
Өзiңдi сонша сүйген ел-жұртыңнан,
Дариға-ай,
Алып кеттi қапыда өлiм!
«...Ашутас, мүсəтiр деп, татып алдым,
Ажалды бестi ат берiп сатып алдым» –
Деп, Əсет, жанқиярда күңiренген,
Əн сүйген жұрт та,
Өзiң де қапы қалдың...
Аңсаумен Сарыарқаңды жүдедiң бе,
Əн салып,
Қас қырандай түледiң де!
Асқақтап Сiз келесiз,
Əсет Найман,
Тербелiп туған елдiң жүрегiнде!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу