Өлеңдер ✍️

  29.06.2022
  79


Автор: Марфуға Айтқожина

ТӨГІЛІП САУСАҒЫНАН СҰЛУ САЗЫ

Тұрғандай тербетіліп сазына шың,
Жаралған сырлы саздың бағына шын.
Тек қана қазағыммен шектелмейтін,
Əлемге аты кеткен,
Жаниясың!
Жазбасын тағдыр сені самғатудан,
Жүректен-жүректерге
Жалғасуда əн!
Жарқырап қазағымның аспанында,
Өзіңсің, ақшолпаны,
Таңда туған!
Өзіңсің, өнерімнің мақтанышы,
Қанша ма елге жасап жатқан ісің.
Өнерге жас ұрпақты сен баулысаң,
Алдыңнан жұрт алғысы,
Ақтарылсын!
Төгілсе саусағыңнан сұлу сазың,
Секілді, дауылдатқан –
Құйын-сағым.
Тербетіп, тебіренткен,
Тыңдаушысын,
Перісі сендей болар,
Музыканың!
Бақытын бірге көріп азаппенен,
Бойлаған тылсымына ғажап терең,
Табынтқан асқақ өнер құдіретіне,
Халқымның ару қызы,
Қазақ деген!
Ойнасаң күйсандығың құйындатып,
Басыңа жиылғандай, дүйім бақыт!
Айдай ғып жарқыратқан жүзіңді ашық,
Бұл дағы бір дүбірлі, қызу уақыт!
Саусақтан бітіргендей далаға тіл,
Аспандап күй қанаты бара жатыр.
Қазақтың қайталанбас, аруына
Жатқандай тілек қосып,
Жаңа ғасыр!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу