Өлеңдер ✍️

  28.06.2022
  87


Автор: Марфуға Айтқожина

ОРАНЫП ТҰНЫҚ МҰҢҒА

Оралдың ба, тынығып демалыстан,
Əлде қажып қайттың ба, сен алыстан?!.
Өзіңді ойлап,
Елді ойлап,
Бəрін ойлап,
Арыстаннан аумайды,
Ой-алысқан...
Қажыдың ба, əлде сен тынықтың ба,
Қарадың ба мен жаққа,
Шығып шыңға?
Өлеңменен сырласып мен де отырмын.
Оңашада оранып тұнық мұңға...
Күн артынан күн өтіп зуылдаған,
Ой соңынан –
Ой келер суынбаған...
Күздің болып қалғаны күрсінтеді,
Жапырақтарда үрей бар шуылдаған.
Кеше ғана жаз еді, аспан тұнық,
Құзар-шыңдар манаурап,
Жатқан тынып.
Дүркін-дүркін түйілген күн қабағы,
Əлде неден жатқандай сақтандырып.
Оралдың ба, тынығып демалыстан,
Əлде қажып қайттың ба, сен алыстан?!.
Өзіңді ойлап,
Елді ойлап,
Бəрін ойлап,
Арыстаннан аумайды,
Ой – алысқан!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу