Өлеңдер ✍️

  27.06.2022
  85


Автор: Марфуға Айтқожина

БҰЛТТАРҒА ҚОЛ БҰЛҒАДЫМ

Жонданып жота,
Жон арқаң,
Кеудеге уыз қонар таң.
Сағыныш дейтін тұнық көл,
Шүпілдеп көзге толар сан.
Арманға алыс қол артам,
Тиянақ,
Жанға болар сəн.
Жамырап шығар жапырақ,
Сапарлап кештеу оралсам.
Сұлудай бейне ай мүсін,
Жайнатып жасау жайды шың.
Сырласып түнмен оралдым,
Орталап көңіл қайғысын.
Тауысып төзім-тағатын,
Түсінген кештеу бағасын,
Аңсаған кезім көп менің,
Сұлу Сайрам жағасын!
Желде де соққан жоқ тұрақ,
Келемін жұрттан көп сұрап.
Балауса сол бір кезімдей,
Жайқалады көк құрақ.
Өсетін еді гүл қалың,
Аңсады-ау, соны бұл жаным.
Шығысқа тынбай жөңкілген,
Бұлттарға қол бұлғадым,
Бұлттарға қол бұлғадым..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу