Өлеңдер ✍️

  27.06.2022
  226


Автор: Марфуға Айтқожина

ТАҢ СИПАТТЫ ТІЛ

Сызылған сұлу таңым, елең-алаң,
Қалайша көз жазады сенен адам.
Арайлап қарағанда шың басынан
Тарылған тынысымды терең алам.
Алысқа аттанғанда атам елден,
Алдыңнан таң атсын деп бата берген.
Киелі сол батаның мағынасы –
Қашанда сабақтасып жатады елмен.
Кейде сол сұлу таңды көлегейлеп,
Көңілге үрей салып,
Келер ой көп.
Ана тіл!
Ақ таңымсың арайланған,
Таңменен мен де бірге келем өрлеп.
Ойларын тілмен толғап ғажап, терең,
Тебірентіп жазылмай ма,
Азапты өлең.
Қасиетті ана тіл, сен жүдесең,
Елімнің өшпей ме аты қазақ деген.
Біреулер қадіріңді төмендетсе,
Жасырмай қасіретімді төгем көпке.
Аруым, таң сипатты ана тілім,
Жақын тұр өзіңменен төбем көкке!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу