Өлеңдер ✍️

  22.06.2022
  133


Автор: Сағи Жиенбаев

Көрдім мен қанша тауларды...

Көрдім мен қанша тауларды,
Сапарлап алыс жақтарда.
Шарладым қанша бауларды,
Жұлдыздар туып жатқанда.
Аунатып асау желімен,
Теңіздер қанша шайқаған...
Шыр етіп түскен жеріме,
Соға алмай жүрмін қайтадан.
Сездірмей оның қандайын,
Әкетті бір құс мені іліп...
Сұраймын елден бар жайын,
Ертегі-жырдай егіліп...
Ұшатын құстай қомданам,
Кеудемде бір сәт жел қонып.
Елестеді ылғи ол маған,
Ғажайып көркем жер болып.
Көрінеді ылғи бір аймақ,
Көлінде қазы қаптаған,
Тұнығын ешкім лайлап,
Аққуын ешкім атпаған.
Шағылып күнге күймеген,
Шалғыны желмен ойнаған,
Гүліне де ешкім тимеген,
Жеріне тозаң қонбаған...
Жүремін соған құмартып,
Көремін жиі түсімде,
Жап жасыл болып мұнартып
Жатады сағым ішінде,
Ұшамын сол кез құлдырап,
Қалмайын деп-ақ көз жазып,
Жеткізбейді ылғи бұлдырап,
Көгілдір сәуле көк жазық...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу