Өлеңдер ✍️

  22.06.2022
  191


Автор: Сағи Жиенбаев

АҚЫН ДОСҚА

Саялы Бозатауыңның
Самалы сүйді бетімді.
Алдымнан шықты Әмуің
Аңқылдап өзің секілді.
Қайнарың сыртқа атқылап,
Қуана қарап шың тұрды.
Күмбірлеп жатқан көп бұлақ
Көтеріп басын ұмтылды.
Құрағы әрбір төбенің,
Қарсы алды мені өлеңмен.
Жайраңдап бір топ еменің,
Жапырағын жайды төбемнен.
Жайлауын көрдім көңілдің,
Жақсы бір күйге түстім мен.
Қаздары мөлдір көліңнің
Қиқулап өтті үстімнен...
Келгелі өзім осында
Көңілсіз өткен жоқ бір күн.
Қаумалап келіп қасыма,
Құшақтап жатыр көп құрбым.
Адамы сүйсе өзімді,
Ауылым демей, не дейін?!
Балқытып қойса сезімді,
Бауырым демей, не дейін?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу