Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  83


Автор: Кәкімбек Салықов

ЗЕЙНОЛЛА ҚАБДОЛОВҚА

Өмірден озды дегенде
Теңіз ой тартты тереңге.
Қиналып жатса Зейнолла,
Қамалдық қатты елеңге.
Не десек сыяр айтуға,
Көз жұмса абзал нар тұлға.
Атқан оқтай дәл тиер
Айтқаны қалды артында.
Білетін сөздің бар затын,
Әр затында бар татым.
Жақсылығын жақсының
Мақтанышпен айтатын.
Сәт түсіп ерте табыстым,
Құлы еді ар мен намыстың.
Егіздей адал досы еді
Ебінейдей заңғар арыстың.
Қыз-шабыт қызу отымен
Жігерді бойда қосып ем.
Сонеттен тізген гүлтәжді
Екеуіне алғаш оқып ем.
Жан еді-ау Зекең салмақты,
Парасат жолын аңғартты.
Мұхтарша мұқият толғанып,
Абайдың жолын жалғапты.
Сындарлы жерде самғайтын,
Қоңырау даусы талмайтын.
Дәл бүгін айтқан тапқыр сөз
Тап ертең елді шарлайтын.
Тапжылмас тарлан өріңнен
Төсекке болды телінген.
Бумасы алтын бұлғын сөз
Булығып кетті-ау өмірден.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу