Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  75


Автор: Ұлықбек Есдәулет

Ғұмыр сүрмек бір басқа...

Ғұмыр сүрмек бір басқа,
Көрмек, білмек бір басқа.
Сенесің де ойлайсың,
Ал ащыны танығанша қоймайсың.
Мына жердің бейтаныс, жат нышаны,
От лаулаған темір көше құшағы.
Айқыш-ұйқыш құрыш болат құбырлар,
Тарсыл-гүрсіл қарсы алдыңнан ұшады.
Сап-сары бұлт сан құбылған пішіні,
Қара түтін көрінбейтін ұшығы.
Отты діңгек, өркеш-өркеш елестер,
Көк жүзіне шөккен үрей белестер.
Бүкіл әлем лаулап жанған ту бейне,
Шөлден қорқып, ерні кеуіп «су» дей ме?
Құмға сіңген қаны жылы магниттей,
Ұлы шаһар тартып мені тұр кейде.
Тыңдау керек қай хабаршы хабарын?
Белгісіз ғой қайдан медет табарың.
Бәлки Мұса тауында тұр бейне антен,
Ракеталар көкке тігіп жанарын.
Араб пенен Израиль ұрпағы
Суық сөзді сандырақтап тұр тағы.
Бүкіл әлем жатқан кезде көз іліп,
Шулы шаһар, кеңістіктен безініп,
Өлген адам,
Барам саған іздеп мен,
Ғұмыр сүру үшін саған кезігіп!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу