Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  75


Автор: Серік Тұрғынбеков

Тірлікте ойламаймын тыным бар деп...

Тірлікте ойламаймын тыным бар деп,
Қиналып қажымаймын мұңым бар деп.
Өсиет ата-бабам айтып кеткен
«Дос болып, бауыр болып тұрыңдар!» – деп.
Қаламды қару қылып келемін мен
Әлі де қайтпай жүрген кегім бар деп,
Әлі де алмай жүрген құным бар деп.
Мерт болып айға атылған арыстандай
Мезгілсіз сабағынан жұлынған көп.
Әлі де мен аспаған асулар бар,
Жұлдыздар аспанымда жымыңдар көп..
Әлі де сүйілмеген еріндер мен
Әлі де сипалмаған бұрымдар көп.
Тілекке тілек қосып мен келемін
Жүректе айтылмаған сырым бар деп.
Қымбатсың, қайран дүние...
Қалпыңменен –
Қалатын кешегіге бүгін зар боп!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу