10.06.2022
  155


Автор: Серік Тұрғынбеков

СӘКЕННІҢ ӘЙЕЛДЕРІ

Рахима
Атақты Уәлидей байдың қызы,
Ажары – жарқыраған айдың жүзі.
Белсеніп «бәлшебекке» білек түріп,
Сәкеннің қалып жатыр айбынды ізі.
Соңында сала құлаш өсек деген,
Атуға дайын олар кесекпенен.
Уәли ер Сәкенге қызын берсе,
«Салықтан» құтылам деп есептеген.
Ерке қыз.
Елден ерек киімі де,
Оншама құштар емес иілуге.
Тәкаппар қылығымен, мінезімен,
Сәкенге сәті түсті сүйінуге.
Оқыған орысшаға, тілі сынық,
Заманның тұрған кезі бір ұшынып.
Сәкенде уақыт жоқ,
Жас жігіттей,
Қыздарды қызықтауға гүл ұсынып.
Жүрегін жүргендердің байлық құрып,
Сәкеннің семсер сөзі қаймықтырын.
Қызына құда түсіп барғандарға,
Уәли хабар берді ай күттіріп.
Сәкенді Рахима сүйгенменен,
Соншалық ессіз-түссіз күйге енбеген.
Қашаннан қалпы бөлек қала қызы,
«Совдептің» мүшесінен именбеген.
Болғандай іздегенге сұрағаны,
Ол рас, көңілінің құлағаны.
Сәкенге қызын беріп,
Аман қалу,
Ол дағы –
Уәлидің бір амалы.
Сүйгенді тұрар дейсің кім айыптап,
Жайы бар жан-жүрегін шынайы ұқпақ.
Қалалық Рахима – әсем қызды
Сәкен де бір өзіне лайықтап.
Содан соң, кісі салып құдалыққа,
Білдірмей біраз жайды жүдә, жұртқа.
Сәкен де сәтті күнгі айын күтіп,
Деген-ді: «Аз ғана күн шыдалық та...»
Ақыры, ай өткесін ұрын барып,
Сәкен де түсіндірді сырын қанық.
Көнген қыз әкесінің айтқанына,
Жігітін қабыл алды күлім қағып.
Көп сөзді ел ішінде туындатпай,
Бәле ғып «бәлешебектің» уын жақпай.
Болған соң байдың қызы – Рахима,
Үйленіп алды тез-ақ шуылдатпай.
Сәкенге бірер бөлме тигендігін,
Алдырып көрпе-жастық үйден жүгін.
Сездірмей тұра алмады ақын байғұс,
Болса да байдың қызы сүйгендігін.
Рахима расында қылықты еді,
Сәкен де жұғысуға құлықты еді.
Алпауыт әкесінің бай екенін,
Тұрса да бәрін іштей біліп тегі.
Барады Рахима көріктеніп,
Құралай қолға қонған елік делік...
Сәкен де жүрегінің кілтін ашты,
Маздаған махаббатқа ерік беріп.
Бір-екі ай өтіп кетті үйленгелі,
Рахима келін болып үйге енгелі.
Қаланың қалыбына қатып қалып,
Ауылдың дәстүріне үйренбеді.
Бұл жайды білген Сәкен бұрыннан-ақ,
Уақыт өтіп жатты зырылдап-ақ.
«Көкелеп» ауыл жақтан келгендерге,
Жас ару жүргені рас қырын қарап.
Мән-жайды ақын жүрек сезіп ерек,
Ұрымтал ұрынатын кезі керек...
Сән құрып, сылаңдаған жас аруға
Сәкеннің кісісі емес, өзі керек.
Кеңестің заң-зәкүні күшті болып,
Уәли шыға келді «істі» болып.
Бір жақтан мұны естіген Рахима,
Сәкенге салатындай тісті берік.
Басқан соң Уәлиді сары уайым,
Сәкеннің пайдаланбақ абыройын.
Қыңқылдап,
Түнемелік қол тигенде,
Айтады әкесінің халі-жайын.
– Байлардың баян қылма жат өрісін,
Қалайша қорғап қалам қатер ісін, –
Бір күні Сәкен айтты:
– Тоқтат сөзді,
Сен маған тиіп пе едің әкең үшін!
Сыйластық бұдан кейін әрі аспады,
Ақыры Уәлиге қараспады...
Енген соң үй ішіне
Есеп-қисап,
Дәм-тұзы екеуінің жараспады.
Гүлнар – Көкеш
Апыр-ай, бұл не деген қапас тірлік,
Тағдырдың шарғы жібі шатастырып.
Құлпырған қызыл гүлдей
Гүлнар қызды
Бір байға қойған екен атастырып.
Байғұс қыз,
Басы қатып, қапаланып,
Ертерек жастық гүлін отап алып.
Қалайша отырмақшы,
Қатын үсті,
Тал түсте «тоқал» деген атақ алып.
– Тәңірім бір тілекті беріпті деп,
Бұл күнде қыздың өзі ерікті, – деп.
Бір хабар Көкшетауды желдей есті:
– Сейфуллин – Совнарком келіпті... – деп.
Сөз тарап мына жақтан, ана жақтан,
Көп ойды көңіліне паналатқан.
Жас қыздың тағдырына араласты,
Шарасыз шалға шығып бара жатқан.
Бұл хабар Сәкенді де елеңдетті,
– Бітеді істің арты немен?!... – депті, –
Сұраймын ықтияры бар ма, жоқ па,
Сол үшін өзім барып көрем, – депті.
Аттардың таңдап жегіп жарауын да,
Қасында екі-үш жігіт қарауында.
Күн бата намаздыгер шамасында,
Желдіртіп жетіп келді сол ауылға.
Алдымен үйіне кеп ауылнайдың,
Аужайын біліп алды ауыр жайдың.
Сәкен де әбден әккі біліп алған,
Қай жақтан соғатынын дауыл қай күн?!
Кешкілік қоналқалап қыздың үйін,
Білуге барып еді жайы-күйін.
Еріксіз шалға қосып,
Еңіретіп,
Байлауы отыр екен болып қиын.
Сәкенде дәт қалмады қызды керіп,
Ғажайып қандай әсем ізгі көрік.
Бұл қыздың бағын байлау үлкен қылмыс,
Күніне мыңды алсаң да, жүзді беріп.
Айрылып қалу күнә,
Мына қыздан.
Ғажайып ертегідей, шын аңыздан.
Тәкаппар қыз да бірақ сыр бермеді,
Аспады жалғыз сөзден – «сұраңыздан».
Сәкен де қыздың жайын сұрап білді,
Уәжді айтқанына құлақ түрді.
Жарасар кербез десең, керім десең,
Әр сөзі көкейіне ұнап тұрды.
Сонан соң Сәкен айтты:
– Жолыңды оңда,
Еретін шал соңына сорың бар ма?
Біраз күн Бурабайда аялдаймыз,
Сонан соң алып кетем – Орынборға.
Оқисың Орынборда білім алып,
Кеудеңе керегіңді іліп алып.
Азбайсың,
Адаспайсың,
Жүрген болсаң –
Ағаңның мына мендей тілін алып.
Бұл сөзге болды Көкеш түсінгендей,
Мән-жайға мойынсұнып, кішіргендей.
Әңгіме осыменен болды тәмам,
Кептесіп шай да біраз ішілгендей.
Шын аты Гүлнар қыздың Көкеш екен.
Парызын алдындағы өтесе екен.
Келісіп байға бермек болып жүрген,
Баяғы қыз байғұстың әкесі екен.
Көкеш те ерке болып өскен екен,
Көкейін талайлардың тескен екен.
Әкесі «жұтқа» ұшырап,
Кедейленіп,
Қалған соң –
Осылайша шешкен екен.
Сәкенді жаны қалап жолыққаннан,
Аңғарды айтқан сөзін мол ұққаннан.
Кім білсін –
Бұл заманның сұры жаман,
Көндікті үкіметтен қорыққаннан.
Өткізбей уақытты бекер тегі,
Болады әрбір істің жетер шегі.
Көкешті білегінен ұстап алып,
Әкетті Орынборға Сәкен сері.
Құр босқа ұстай бермей қысылдырып,
Қыдыртып, қала жайын түсіндіріп.
Оқытып, сауат ашар білім беріп,
Үйретті біраз жайды ысылдырып.
Үй жылы, тамағы мен оты дайын.
Жатқан жоқ тіршілікті етіп уайым.
Тек қана,
Сәкен үйге сирек келіп,
Тарықты торға түскен тотыдайын.
Сонда да келешектен бір түңілмей,
Сыр бермей – іші жылап, сырты – күлмей.
Талықсып,
Таңға дейін
Талып ұйықтап –
Шығады түні бойы кірпік ілмей.
Осылай көңіліне мұң артқандай,
Алыстап, өткен қызық мұнартқандай,
Келгенде анда-санда,
Сәкен үйге,
Көкеш қыз күйеуіне кінә артқандай.
– Сәкен-ау,
Қалайша бұл кешіккенің,
Қайда едің,
Хабарыңды есітпедім.
Кеземін күні-түні
Тағат таппай,
Тар үйдің
Төрт қабырға, есік-төрін.
Ішкенім осындайда у бола ма?
Сөйлеймін іштен тынып, шу бола ма?
Әдейі Көкшетаудан алып келіп,
Қойдың ба күзетші ғып қу молаға! –
Дегенде, жанарынан жас домалап,
Жұмылып ыза буып қас пен қабақ.
– Онан да бір жағына құртпайсың ба,
Қойғанша кіріптар ғып босқа қамап!
Дегенде, Сәкен айтты:
– Көнбесіңе
Болмайды, алып келдім мен несіне?
Дем алып біразырақ төркіндеп қайт,
Сағынып алып жүрсең елді есіңе.
Көкештің қуанышы қойынына
Сыймады –
Орындалып ойы мына.
Шығарып салды Сәкен,
Сәл илігіп,
Орынбор-Көкшетаудың пойызына.
Хас ару
Сол кеткеннен оралмады,
Сәкеннің асыл жары бола алмады.
Қоспады басын қайта
Қос асылдың
Өмірдің дауылдары,
Борандары!
Гүлбаһрам
Жаралған жанған нұрдан Гүлбаһрам,
Нәр алған ән мен жырдан Гүлбаһрам.
Сәкенді бір көргеннен тәнті қылып,
Өзіне таңғалдырған Гүлбаһрам.
Көміліп көрінбейді жон-арқасы,
Төгіліп иығынан қолаң шашы.
Көрді ол қазақ қызын
Қызылжарда,
Керілген ұзын кірпік, қалам қасы.
Күлім көз,
Пісте мұрын, бидай өңді,
Қыпша бел,
Құлын мүше, сидам белгі.
«Қарындас» деген сөзді желеу етіп,
Сәкен де қоштасқанды қимай енді...
Қызылжар.
Совпартшкол.
Сол бір қызды.
Есілден ескен самал сол бір күзді,
Есінен шығара алмай жүрді Сәкен,
Қою шаш,
Жіңішке қас,
Мөлдір көзді.
Ұмытпай содан бері бір мезет те,
Көрді ол –
Ой ұшырып, тіл безеп те.
«Қарындас... Совпартшкол» деген өлең
Басылып үлгіріпті бір газетке.
Хат жазып қайта-қайта өлеңменен,
Бақытқа ақын бар ма бөленбеген.
Сарғайтып,
Сағындырып,
Сол бір қызға –
Сәкеннің махаббаты тереңдеген.
Жас ақын жан жүрекпен жырлағанда,
Қыз жоқтай одан гөзал бұл ғаламда.
Алғашқы көргеннен-ақ,
Сыр білдірмей,
Сәкенді сүйіп қалған Гүлбаһрам да.
Қашанда қу болмай ма қыз деген бір,
Үздігіп өз жігітін іздеген бір.
Гүлбаһрам шынында да –
Сабағынан
Толықсып,
Қауыз жарып, үзбеген гүл.
Қолына Қарағанды қарлығашы,
Қонғанша өтетіндей жарым жасы.
Тегі де тегін емес,
Алтай Арғын,
Атақты –
Қайып ақын қарындасы.
Ол заман,
Орны бөлек, қызық ол да.
Қосылып, қол ұстасып ұзын жолда.
Алғашқы отау тігіп орныққан жер,
Бақ дарып,
Қыдыр қонған Қызылорда.
Болды олар –
Орынборда, Ташкентте де,
Ақмола,
Алматы мен Мәскеуде де.
Алымды,
Алғыр қыран,
Дауылпаз боп –
Жалынды жырлар туған жас кезде де.
Қалған жоқ Гүлбаһрам жетегінен,
Айрылмай ата қоныс-мекенінен.
Сынбасқа, жығылмасқа,
Сертін беріп,
Сәкеннің мықтап ұстап етегінен.
Ақыры –
Көнді, төзді бәріне де.
Өмірдің қаһарына, көріне де.
Қара бұлт айналса да,
Айдалса да,
Бәрібір өлемін деп барып елге.
Өмірдің қауібінен-қатерінен,
Арықтай көкке шығып көтерілген.
Аққудай айрылса да Сәкенінен,
Тағдырдың өткелінен өте білген.
Тағдыр да шалды талай аяғынан,
Келгенін білмей қалып қай жағынан.
Қайрылды қос қанаты қоса қирап,
Айрылды Лаурасы...
Аянынан.
Белгілі бақ-таланы көп кісіге,
Қазақтың тиген таяқ тектісіне.
Еңсесін езіп қатты,
Еңсерсе де,
Тағдырдың төзіп бақты тепкісіне.
Жылады –
Талай рет аңырады.
Қуыс үй – төрт қабырға қаңырады.
Сақтады арын берік,
Бәрін көріп –
Сәкеннің аман қалды шаңырағы!
ГОЛОЩЕКИН – «ҚУ ЖАҚ» КЕЛДІ
Еліме басшы болып «Қу жақ» келді,
Жоқ-барды ойдан-қырдан қузап келді.
Көріне әр ауылдың адам толып,
Төріне әрбір үйдің тулақ келді.
Қусырып елді түріп, қыра келді,
Бағытын басқа жаққа бұра келді.
Арызға ерік беріп,
Айдап салды –
Онсыз да бір-біріне қырағы елді.
Қоңданған Қазақстан халін көріп,
Байлардың мыңғыраған малын көріп,
Төскейде төрт түлікті түгел құртты,
Төтеннен Голощекин залым келіп.
Айдады арыстарын айыпты етіп,
Айтқан сөз, берген серттен тайып кетіп.
Қорықты,
Қолымызға түспейді деп,
Түбінде Қазақстан байып кетіп.
Алаштьң онда алысқа аты кетті,
Мағжанды,
Міржақыпты,
Ахметті,
Сәкенді,
Бейімбетті,
Ілиясты –
Қамады абақтыға қасіретті.
Бәрі де сүт бетінің қаймағы еді,
Халқына әрбір ісі пайдалы еді.
Тізімдеп –
Тергеместен,
Тексерместен,
Шетінен «итжеккенге» айдап еді.
Бәрі де абақтыда жатып еді,
Түрменің ащы дәмін татып еді.
Аман-сау қайтып келсе,
Қайта қамап,
Азаптап –
Ақырында атып еді.
Үдетіп,
Бойда дертті меңдеткелі,
Уақыт жан жарасын емдетпеді.
Патшаның жанұясын,
Жаһаннамға,
Жөнелтті Голощекин жендеттері.
Мерт болып, елдің қамын жеген ердің,
Құзғынға толған кезі төбелердің.
Жіберген Бас жендетті басшы қылып,
Соры бар Қазақстан деген елдің.
Халықпыз қайғысы мен шері бөлек,
Ойрандап лаң салып төріме кеп.
Оларға –
Ұлтыңнан да,
Жұртыңнан да,
Қазақтың ұлан-байтақ жері керек.
Сәкеннің сол күндерде сәні кетті,
Жылаған жүрегі – мұң,
Жаны – кекті.
Тағдырдың тас маңдайға бұйыртқаны,
Таңбасын тарихыма салып өтті.
«Қу жақпен» Сәкен сөзі жараспады,
Айтса да, хал-жағдайға қараспады.
Қуылып қайда барса қызметтен,
Бәрінен барған жердің аластады.
Күйі бар,
Қамыққандай, қайғырғандай.
Хас қыран қанатынан қайрылғандай.
Құлазып құла түзде қалған жаны,
Қызықтың барлығынан айрылғандай.
Көрді ол –
Көрге тыққан аштықты да,
Көрді ол –
Қан қақсатқан қастықты да.
Жұтынып –
Жанарына жас үйіріп,
Тұтығып –
Тамағына тас тықса да.
Серпіліп тал бойынан барлық күмән,
Үйінде отыра алмас қалғып қыран.
Өлуге азаттықтың ақ жолында,
Серт беріп өзіне-өзі жарлық қылған.
Сезініп дүние сырын жаныменен,
Шарпыды тар кеудесін жалын – өлең.
Баяндап «Қызыл аттың» хикаясын,
Жыр жазды –
Жүрегінің қаныменен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу