10.06.2022
  135


Автор: Серік Тұрғынбеков

ОМБЫДАН ҚАШЫП ШЫҚҚАНДА

Ішке түйіп мол мұңын,
Өмір – өлім – екі жол.
Өзі оқыған
Омбының
Түрмесінде отыр ол.
Лас киім,
Кір дене,
Қол-аяғы талғандай,
Бірте-бірте түрмеге,
Бойы үйреніп алғандай.
Газет-журнал – баспасөз,
Жетпей жатса,
Не дерсіз?!
Боқауыздан басқа сөз,
Бұл арада беделсіз.
Тәртіп тіпті қатайды,
Әңгіртаяқ – әңгіден.
Фамилияңды атайды,
Боқтап алып алдымен.
Қайран Омбы,
Қалың ел –
Сайраңдаған кешегі.
Енді, міне,
Тәнінен
Суық ызғар еседі.
Темір торлы терезе,
Қалай оған қарамас.
Түрмедегі ереже,
Еркіндікке жарамас.
Бір бөлмеде он кісі,
Бәріне де бір айып.
Қайран жастық – Омбысы,
Қарайтындай мұңайып.
Қайран Омбы – осы еді,
Есіне алып күнбе-күн.
Кең көшеге кешегі,
Сыймай жүрген күндерін.
Енді міне,
Тас түрме,
Тастай бүріп тастаған.
Сәкен емес жас күнгі,
Отырғандай басқа адам.
Мына заман,
Қай заман?
Қайда апарып соқтырар.
Қай есірік,
Қай надан –
Маңайына тап қылар?!
Отыр Сәкен,
Отырғын –
Қанатыңды кере алмай,
Омбыдағы
Оқудың
Игілігін көре алмай.
Осылайша,
Ол өзін –
Күндіз-түні қайрайды.
Сынап-мінеп мінезін,
Құр ішінен сайрайды.
Іші толы құса-мұң,
От-жалын боп лаулайды.
Аша алмастан құшағын,
Қабырғаны баурайды.
Шыдатпайды күш мүлде,
Талабы да таудай-ды.
Тас еденнің үстінде,
Дөңбекшиді, аунайды.
Отыра алмай жан бағып,
Өлшеп мүйнет, сағатын
Қырандайын қомданып,
Қанатын да қағатын.
Кез болар ма,
Дүние-ай,
Еркін самғап кететін.
Бармаса да үйіне,
Ен далаға жететін.
Самғап ұшқан бетімен,
Тауға-тасқа ұрынса...
Туған дала шетіне,
Жетіп барып жығылса.
Көрсетуге зор ісін,
Бөлек тұлға,
Ерек бой
Адам шіркін
Ол үшін
Қыран болу керек қой.
Қыран болу –
Сәкеннің
Бала күннен арманы.
Деді дағы:
– Әкеңнің!...
Саусақтарын қармады.
Отырмады ойланып,
Шешім еді бұл өзге.
Хас қыранға айналып
Шыға келді
Лезде!
Сәкен – сұңқар,
Хас қыран,
Қаққан кезде қанатын.
Өзі оттай,
Жас Ұлан –
Көзі шоқтай жанатын.
Жанып қана қоймайтын,
Алаулайтын,
Лапылдап.
Найзағайдай жайнайтын,
Аспанға да жақындап...
Енді, міне,
Еркіндеп,
Қағып-қағып қанатын.
Тұрды жігіт сертінде,
Жас жауынгер,
һәм ақын.
Күшің барда бір көрін,
Қойсын мейлі арқандап...
Темір торын
Түрменің
Қанатымен талқандап.
Қанатының астынан
Шашыраған шоқ қалып...
Зымырайды,
Хас қыран,
Туған жерді бетке алып.
Жерге түссе,
Хас тұлпар,
Бауыр жазып далада...
Зымырайды жас сұңқар,
Бұлтқа,
Желге қарамай.
Жан жүрегін кек қысып,
Бетпе-бет кеп,
Дәуірмен.
Кетті сұңқар,
Көкке ұшып,
Араласып дауылмен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу