10.06.2022
  73


Автор: Серік Тұрғынбеков

ТҰТҚЫНДА

Ақмола.
Сәкен жатыр тас түрмеде.
Бағынбай тәртіпке де, дәстүрге де.
Қамалын күні бойы қабырғаға,
Таланып түні бойы аш бүргеге,
Ұрынып ұр да жықтың таяғына,
Ілігіп ақ патшаның аярына.
Бұл да бір бұлтартпайтын бүлік болды,
Даланың еркін жүрген саяғына.
У болып,
Ішкені де, жегені де,
Қара су – тиетіні тек ерінге.
Қырсығып,
Қыңырайып,
Қырын сөйлеп,
Көнбеді тергеушінің дегеніне.
Былапыт сөздер айтып балағатпен,
Кезіксе көрер еді-ау, далада, әттең.
Есімі тергеушінің тым танымал,
«Ярый Ялымов» деген атпен.
Жас Сәкен түсті бірге достарымен,
Аралас үлкен-кіші, жас-кәрімен.
Колчакты тас-талқан ғып,
Көрге тығып,
Кеңесті орнататын...
Жоспарымен.
Аралас орысы да, қазағы да,
Бәрі де жатқызылып жазалыға.
Ішінде тас түрменің,
Тас түйін боп,
Тағдырдың көніп жатыр мазағына.
Кеңеске бел шешкеннің бәрі осында,
Көбейтіп күннен-күнге қарасын да.
Катченко,
Грязнов,
Кременской...
Аздаған татарлар бар арасында.
Бәрі де большевиктер қатарында,
Үкімнің қиып түсер қаталында.
Мың күндік жан азабын тартып жатыр,
Бір күндік тіршіліктің сапарында.
Жазығы – большевикке ергендігі,
Кеңестің айтқанына көнгендігі.
Түлкінің құйрығындай бұлғаңдатып,
Түк өнбес сөздеріне сенгендігі.
Күн сайын қайта-қайта кеңес құрып,
Көз алдын коммунизм – елес қылып.
Кешегі қаратаяқ
Қоқаңдайды –
Байларды кедейлерге теңестіріп.
Қисықты, кем-кетікті оңдаған боп,
Бейнесін коммунистің сомдаған боп.
Кедейдің бәрі бірдей керемет те,
Байлардың бәрі бірдей оңбаған боп.
Қызылға,
Бір халықты аққа бөліп,
Ұйысқан бір ауылды қаққа бөліп.
Ақыры ақ патшаның көзін құртып,
Таласты партиялар таққа келіп.
Бірі боп, сол заматта алымдының,
Танытты большевиктер залымдығын.
Мәселен, тартып алу кімге тәркі,
Біреудің құдай қосқан қалыңдығын.
Сұмдығын саясаттың сезіндіріп,
Еңсесін аз ұлттардың езілдіріп.
Қиратып мешіттерді, шіркеулерді,
Дінінен талайларды безіндіріп.
Ұрпақты «Құдай жоқ» деп ұғындырып,
Бұқтырып,
Былқ еткізбей,
Бұғындырып.
Халықты бір-біріне айдап салып,
Шаруасын шаш етектен шығын қылып.
Көрсетіп содыр ісін сораңының,
Сарп етіп, күш-қайратын, мол ақылын.
Біліп пе,
Қайран Сәкен,
Кереметтің –
Бәрі де керісінше болатынын.
Әзірге тас түрмеде.
Ақмолада.
Тағдырдың талқысына тап бола ма?
Алдында қандай мақсат,
Қандай арман –
Алла жар болсын дейік –
Хақ тағала!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу