10.06.2022
  94


Автор: Серік Тұрғынбеков

ИСАТАЙДЫ АҢСАУ НЕМЕСЕ МАХАМБЕТТІҢ МҰҢЫ

1
Бар ма еді
Исі қазақта,
Исатайдан асқаның.
Қапыда кеткен,
Қайран Ер,
Хас тірлікте –
Қас-қағым.
Опасыз мынау дүниеде
Олай-бұлай болам деп,
Ойламаған бас қамын,
Аялаған арудай,
Аямаған жас жанын.
Күйген,
Сүйген,
Туған жер –
Ақжайықтың толқынын,
Атыраудың атырабын,
Маңғыстаудың тастарын.
Бүкіл қазақ даласын,
Даласының
Аспанын.
Қу медиен өлкеде,
Өлемін деп ойламай,
Қатар-қатар қос тігіп,
Бір-біріне дос қылып,
Басын қосты,
Қазақтың –
Қуғыншысын, қашқанын.
Қасына қоныс қондырмай,
Қонғаны болса – оңдырмай,
Қиядан қағып қас жауын.
Кетті сабаз дәлелдеп,
Дұшпан барын,
Дос барын.
Беріп едің жұртыңа,
Төрт түлігін түгендеп,
Сыртқа шашау шығармай,
Танасы мен баспағын.
Қарыны ашпай жас бала,
Өзегі талмай күн көрді
Қара қостың ішінде,
Қара қазан түбінен
Қолын созып,
Қармап жеп,
Қармасы менен қаспағын.
Арыстаным өлген соң
Шайқалды
Қара шаңырақ.
Халқың қалды аңырап,
Жұртың қалды жамырап.
Бағусыз да, қағусыз
Маң далада –
Маңырап.
Қарайлаған заман-ай,
Қабағына басқаның.
Еділ-Жайық толқыны,
Еңіреп,
Жылап,
Боздайды,
Жапырағымен жайқайды,
Жағасында жас талын.
Еңку де еңку жер шалмай,
Егеулі найза қолға алмай,
Батыр болып бас салмай,
Ақын болып толғанбай,
Ендігі күні не болар
Мен сияқты қасқаның.
Ал, Махамбет, бар болсаң,
Алғаусыз қара нар болсаң,
Ақ жүректің зарымен,
Ақ қылыштың қанымен
Ақ қағазға жаз бер –
Арманды ердің дастанын!
2
Айы оңынан толғанда,
Айналаны шолғанда,
Берен мылтық ұстаса
Бетіне келер жан бар ма?
Айқасқа шықты Исатай,
Арыстандай ақырып,
Әруағын шақырып,
Қолында найза шашақты,
Жанына жиып жасақты.
Жасанған жауын жапырып,
Арыстандай ақырып,
Күлкісіз күнді өткеріп,
Ұйқысыз таңды атырып,
Соңына ерген халқының,
Сойылын соғып,
Сойы боп,
Жақсылығын асырып,
Жамандығын жасырып,
Қарсы келген дұшпанның
Қайтатын еді-ау
Хас сабаз –
Қарасын әбден батырып!
Патша,
Ханға беріспей,
Уәзіріне уанбай,
Уәжіне келіспей.
Қалқан тұтқан
Қалың ел,
Батыс,
Шығыс,
Теріскей.
Аттан салып,
Атойлап,
Атқа мінген асығып.
Арманда кетті
Асыл Ер,
Бес күн мынау тірлікте,
Белін буып жата алмай,
Бес қаруын асынып.
Еміреніп елі үшін,
Күңіреніп жері үшін
Кеудесіне кек толып,
Көрген күні көп болып...
Қапыда кетті-ау
Қайран Ер –
Қас жауына иілмей,
Қас тағдырға бүгілмей,
Халқына ғана бас ұрып!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу