Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  78


Автор: Жәлел Қуандықұлы

ҚУАТҚА

І
Арманыммен жүргенде Ай құрықтап,
Өр кеудеме орнап ед(і) қайғы мықтап.
Өлеңнен ап өшімді жүрген кез-тін
Қуатымнан қапыда айырылып қап.
Содан бері тұтылып бар арманым,
Су сепкендей басылып алау-жаным.
Қуанышты сен сыйлар іздеп едім,
Сенесің бе, сенделіп таба алмадым.
Көңілімнің уақытқа бұрмай ішегін,
Өзіңменен сырласпай тұрмаушы едім.
Айта алмаған мұңымды ұрлап алып,
Жүрегіме күш-қуат сыйлаушы едің.
Көз алдыңда бақ желі бір есіліп,
Алшақтады қайырылмай кіресі үміт.
Бас иместен бақиға кете бардың,
Ғұмырыңның өлшемі түгесіліп.
Біз түгелміз, сен жоқсың, жарқын маңдай,
Мына өмірге барады зауқым қалмай.
Сен кеткелі, сүлдермін сүйретілген,
Жанымның да жігері сарқылғандай.
Сәби жүрек көтерсе бар сынды алғаш,
Ақиқаттан жалтарып ар шыңдалмас.
Айырса да мені бар қуатымнан,
Өлеңімнің қуатын сарқылта алмас...
ІІ
Атаның нұрлы көзінде,
Айнымады пәк қалпың.
Азғантай тағдыр тезінде,
Арын – дәл сендей сақтар кім?
Асылдарыңның есінде
Алты жол өлең боп қалдың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу