Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  113


Автор: Жәлел Қуандықұлы

ҰЛЫМА

Сүйсініп сипаушы ем кекілден,
Ұлыма көңілім толып бір.
Ол болса, еркелеп бетімнен
Құлшына сүйетін болып жүр.
Мен болсам, жанарын бақылап,
Бетімді ұсынам тағы да.
Қылығын жаныма жақын ап,
Түбінен іздеймін мағына.
Жүгінем қағаз бен қаламға,
Біз үшін өлең ғой – төреші.
Сезімді оятты санамда,
Сен бірақ «жай қылық» демеші.
Пәктіктің елшісі – періште,
Жорыман өзгеше пішінге.
«Сен енді әкесің, ерікпе», –
Дейді бір өр дауыс ішімде.
Күткендей бір ыстық шапағат,
Айдыным аққуын құшады.
Осы ғой – перзенттік махаббат
Сезілген үп-үлбір нышаны.
Күлкісі күмістей, жаны – үлгі,
Күнәдан ада ғой ол мүлдем.
Соңғы кез мәңгілік жарымды,
Тым қатты сыйлайтын болдым мен...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу