Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  78


Автор: Жәлел Қуандықұлы

ҰҚСАСТЫҚ

Бір-біріне өзара жарысты ымдап,
Асығады төменге қар ұшқындап.
Бұл доданың мәресі – Жердің беті,
Сонда ғана шабыс тынбақ.
Жетті. Тынды. Қара жер ағаруда,
Бекігендей бейне бір жаңаруға.
Қап-қара түс тек қана Жерде ме екен,
Ғарыш жақта өңкей үр ақ ару ма?
Шығыс нұры тербетіп, санамда ырғақ,
Таң бозарып келеді жаңа ән шырқап.
Ей, аппақ қар, сен мені кінәлама,
Тәнім сенің астыңда қалар бір шақ.
Сен де Жерден кетіп ең, Жерге келдің,
Шар секілді дамылсыз дөңгелер күн.
Жаңбыр едің о баста, қарға айналдың,
Мен нұр болып Күнге енермін.
Екшегенде өмірдің ақ-қарасын,
Бәрінен баз кешпекке шақ қаласың.
Мен сап-сары сағыныш боп қаламын,
Сен пәктіктің белгісі боп қаласың.
Сен құлап ең анаңды құшып бекем,
(Тұрлауы жоқ тағдырлар түсікке тең).
Өмірдегі шабысым біткен күні
Сен сияқты Тәңірге ұшып кетем.
Уа, Жер-Ана, сен сонда жылап қалма,
Өз анасын перзенті жылатқан ба?
Ақ мамыққа қосылып жауармын мен,
Жаның мені аңсаған бір ақ таңда,
Сағынышың қайтадан бүр атқанда...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу