Өлеңдер ✍️

  09.06.2022
  78


Автор: Мерғали Ыбыраев

Қала мен дала күзі

Газондарға қашып келген күздегі,
Гүл біткеннің кіртиіңкі жүздері.
Салқыны түнге әйнектер ерден үңілген,
Терезені булап жатыр күз демі.
Көк біткенді қала жаққа ысырып,
Шөп біткенді қуратып та, ұшырып.
Балалардың етігіндей су кешкен,
Күз келеді қабарып та, ісініп.
Күннің көзі күңгірт тартып, қайта ысып,
Салқын ауа жылы леппен шарпысып.
Синоптиктік мәліметке қол қоймай,
Қала менен дала жатыр айтысып!
Түз болмаса біздегі бақ бабында-ақ
Қала жатыр «қашқындары» қабылдап,
Құстар отыр теректердің басында,
Қанаттарын жиып алып дамылдап.
- Ауа райы ертең қандай білелік,
Деген кезде қалдық тағы тіреліп.
- Плюс! – дейді қала күзі күлімдеп,
- Минус! – дейді дала күзі түнеріп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу