09.06.2022
  72


Автор: Мерғали Ыбыраев

Жұмбақ жолаушы

Жұмбақ жолаушы
Бірінші тарау – жолда
Алтай қыс шырай беріп – далаға аппақ,
Құлын жал – көк келеді жаңа қаптап.
Кеш бата бір арбалы келе жатты,
Із тастап сүрлеу жолға қарақатқақ.
Арбакеш шықса дағы жолға ырықты,
Аты арып, күн ұзаққа болдырыпты.
Жігерлі жан секілді жол танығыш,
Адамдай түк саспайды жергілікті.
Жоғалды сәлден кейін соқпақ тағы,
«Дыр-дырлап» жігіт атын тоқтатпады.
Қар суы көп жиналған ойпанға кеп,
Тағалы ат тайғанақтап, батпақтады.
Қара сан, қабырғалы анық мықты,
Жетсе де ұзақ жолдан талып тіпті.
Дон тұқым, доғал жалды, жуан тірсек,
Арбаны күшпен алып шықты.
Атты да арымайтын ұл ұстайды,
Арбалы кешіп өтті «Ұры сайды».
Сәулесі батқан күннің түнге ұласып,
Сахара салқын ғана тыныстайды.
Арбалы көтерілді қырға шығып,
Төңірек қарауытты түн жасырып.
Көз тіккен алға қарай арбакешпен,
Аты да бүлкілдейді бірге асығып.
Жолдаса қайтып жігіт – кертиеді,
Жолаушы ауыр жүк қып тең тиеді.
Арбаның бел тақтайын сықырлатып,
Арт жақта қоржын, қаптар теңкиеді.
Арбада екі-ақ адам, ер мен әйел,
Жігіт жас, елулерге келген әйел.
Жақ салған кимешекке алтын зерлі,
Сабырлы, сапарына сенген әйел.
Ардақты бір ауылдың анасындай,
Бейнесі бес биенің сабасындай.
Бой жетіп, бұлғақтаған жас шағында,
Болсайшы дегізгендей жар осындай.
Әлі де жанарынан нұр таймаған,
Ақ жүзі аяқтайын сыр таймаған.
«Баяғы байдың болпаш тоқалындай»,
Дегендей суық сөзді, сырт ойлаған.
Ерекше отырысы малдас құрып,
Еш сырын дидарына болмас біліп.
Баяғы Баяндардың мінезі бар,
Ер жігіт ерткендейін жолдас қылып.
Әйкәпір ел-жұртына атанбаған,
Баланы жан секілді ботамдаған.
Қыз белді қынай, сүйрік саусағына,
Үзбелі қос жүзікті қатарлаған.
Талай бел, талай қырлар, дөң асқалы,
Арбакеш жас жігітке жақ ашпады.
Күн ұзақ қалғымады, қажымады,
Көп болса күрсінеді – ең асқаны.
Мұң да жоқ, қайғы да жоқ ажарында,
Салмайды еш нәрсеге назарын да.
Қос қолдап жәрендікке шалқаяды,
Құрысқан арқа-белін жазарында.
Біреулер жөн сұраса ереуілдеп,
Бай-патша бәйбішедей және кім деп.
Ақкөлге, ағайынға, төркін-жұртқа,
Бискіден – ішкі жақтан келемін деп;
Әдеппен қысқа ғана жөнін айтқан,
Екі жыл дүниеден әрі қайтқан.
Кәнпеске жылдарында кеткен жырақ,
Беті екен содан кейін бері қайтқан.
Ақкөлде төркін-жұртын сұрасқанға,
Аса сақ артық сөйлеп, сыр ашқанға.
- Ағайым қайтыс болған ауылдағы,
Орынына келем дейді жыл асқанда.
Арбакеш керекуден жалдаған-ды,
Пұлына аяған жоқ қолда барды.
Тұрмыстан апыл-ғұпыл жолға шықты,
- Тірі! – деп өсірген соң оң хабарды.
Сол еді бар күдігі санадағы,
Енді ол алды-артына қарамады.
Кедергі бола алмады бәйбішеге,
Қырық жыл өтіп кеткенарадағы.
Үйінен жетінші күн аттанғалы,
Күй таңдап, бойын сылап, баптанбады.
Құпия бәрінен де «туыс іздеп»,
Туыстан бой сағаттап, сақтанғаны.
Тұрса да Керекуде нағашысы,
Жоқ жандай бересісі, аласысы,
Үйіне түспек түгіл, жолаған жоқ,
Көрінер бәйбіше емес, балаша ісі...
Екінші тарау – кездесу
Сырт қалған жақсыдан да, жаманнан да.
Жұрт болған жомартқа да, сараңға да.
Қарсы алды арбалыны қарауытып,
Оншақты үй, жапырайған жаман қора.
Ит те жоқ ең аяғы үріп шыққан,
Пенде жоқ арба дауысын біліп шыққан.
Шал-шақпыт көрінбеді қарандаған,
Шекпенін иығына іліп шыққан.
Шеткі үйден ешбір дыбыс білінбейді,
Бар үміт – есік іштен ілінбейді.
Арбакеш жерге түсіп жөн білуге,
Ешкім жоқ, құла мейлі, сүрін мейлі.
Кісідей қапшық жапқан дар алдында,
Сипалап қабырғаны қараңғыда.
Көп жүрді әр бақанды бір-бір сүзіп,
Тіпті өзі есік жоқтай табар мұнда.
Ақыры есік тапты қаптамалы,
Аңырап босағадан аттамады...
Қазаннан қалқып жатқан сүйек майын,
«Көтек!» - деп қара кемпір жалт қарады.
- Бәйбіше, қорықпаңыз, шошыма – деп,
Жас жігіт басу айтты қасына кеп.
Жіберді жолаушы әйел арбадағы,
Сұрауға Естай үйі осы ма деп.
- Е, е..., осы! – деді кемпір сасқалақтап,
Қазақпыз таспен атса, аспен атпақ.
Қонағың қуыс үйден құр шығады,
Көрпені төсесек те төрт қабаттап,
Біз қашан ыстық асты ішпегелі,
Бір уыс бидай қазір түске енеді.
Бір жылдай болып қалды қаңыраған,
Бұл үйге қонақ келіп түспегелі.
Қайғының басқа түссе қара түні,
Туыстың қайда ортаға салатыны?!
Бәрінен жанға батты бара қалсаң,
Есікті іштен іліп алатыны.
Ауыру отағасы көптен бері,
Қорқамын осы ма деп жеткен жері.
Әйтеуір, қыстан шықтық қалт-құлт етіп,
Білінді шүкір, бүгін көктем лебі...
Деп кемпір айтты кетті бас қайғысын,
Ісі жоқ, сөгемісің, қостаймысың.
- Әй, кмпір, қысқарт енді, кірсін деп айт,
Демесе төрде жатқан тастай мүсін.
Алған соң үй ішімен хабарласып,
Ұйыған аяқтарын әрең басып.
Естайдың жақын келіп бас жағына,
Жайланып отырды әйел амандасып.
Жүрегі тулап, шоршып, дүрсілдеді,
Естілді Естай жаққа күрсінгені.
Жастықтан бас көтерген Естай әнші,
- Жарыным, танымадым, кімсің? – деді.
Ақ кіріп сақал-мұртқа, ұрт суалған,
Секілді кескен терек күрт қуарған.
Сапырып қымыз – әнді онды-солды,
Осы ма, қыран жігіт – жұрт суарған.
Осы ма, қыран жігіт берен, өктем,
Қыздарды құмар қылып, елендеткен.
Әнімен Маралдыға туын тігіп,
Өлкесін ақкөл, ақсу өлеңдеткен!
Осы ма, қыран жігіт – саңқылдаған,
Той бастап шаршы топқа жарқылдаған.
Ер тұлға, еңсегей бой, отты жанар,
Дос түгіл, дұшпанына аңқылдаған.
Кезінде есік көрмей, бесік көрген,
«Мен сендік, сен мендіксің» десіп көрген.
Осы ма, қыран жігіт, жылап тұрып,
Қолынан алтын жүзік шешіп берген.
Осы ма, қыран жігіт, «Қорландаған»,
Қорланды жер бар ма екен, ол бармаған.
Шын-мәшін, Бағдат, Мысыр бәрін шарлап,
Қырық жыл жүздесуді армандаған...
Жөн айтты жолаушы әйел қысқа ғана:
- Мен сізді шырамыттым, түстеп аға.
Қанық ем атыңызға, затыңызға
Көрген ем қыз кезімде «Үш қарада»,
«Үш қара» - Көктөбе жоқ, Бөрлідегі,
Жетпейтін қалың жыныс желдің лебі.
Келдіңіз күйеу жолдас, серік болып,
Сол тойды әлі күнге ел біледі.
Келемін алыс жолдан, - Жаңыл атым,
Құс екеш, құс та көлін сағынатын.
Барамын Бөрілі жаққа, бауырларға,
Болған соң ат болдырып, зорығатын,
Жөн көрдік аттануды ара қонып,
Ат түгіл, отырған жоқ бала да оңып.
Сіз мені..., танымайсыз Естай аға,
Отырмын мен де сізді жаңа көріп.
Арманды құлақ түрген Сіз үніне,
Алдында «Үш қараның» қызы, міне...
Деп әйел көз сап өтті елеусіздеу,
Естайдың қолындағы жүзігіне.
- Болған қыз өз төркінін білмей кеткен,
Жеткенің жөн-ақ екен шын бейнетпен.
Кешегі Қорланыммен қатар өскен,
Есімде Жаңыл аты бір бойжеткен.
Қыз да бір, қызықтырған арман да бір,
Сол болсаң шыныменен қайран Жаңыл.
Қалайша ұмытайын жақсы күнді,
Қайтқандай бәрі есімде тойдан қазір.
Кім маған мына күйде тағады мін?!
Деп Естай қолын алды қонағының.
Иіскеді еміреніп маңдайынан,
Жастанып айналасы жанарының.
Кетпеді жолаушы әйел салы суға,
Тағдыры жазған екен табысуға.
Естайды Жаңыл болып жаңылдырып,
Өзімен-өзі болып алысуда.
Басқаша,... айтар жөнді бар ма, амалы,
Дұрыс па..., бұрыс па елде.., алдағаны...
Жігітке иек қағып, белгі беріп,
Алдыртты барлық жүкті арбадағы.
Әншінің таңырқайды әйелі көп,
Ойлап па, тәңір бұлай береді деп?!
Сүрленген қазы-қарта, майлы жанбас,
Ұсынды ала шыққан дәм еді деп.
- Қашан да жүйрік жетпес – жоқшылыққа,
Ішкі жоқ – деді қонақ – тоқшылықта.
Ақсарбас айтып сойған жолға ырым ғып,
Құрбыжан, қоржындағы басты ұмытпа...
Үшінші тарау - өтініш
Тез пісті бауырсағы бір қап ұнның,
Тілінді сары майы дүр қарынның,
Бүлкілдеп қазан қайнап, шәугім тасып,
Аңқыды үнді шәйі Барнаулдың.
Төгілді асжаулыққа тәтті-дәмді,
Мәмпәси, мейізбенен сап құрған-ды.
Шөліркеп жолдан келген жолаушылар,
Шаттанып шәй ішетін шақ туған-ды.
Тоқ қоржын, тыста тұрған теңді біліп,
Қалғандай Естай үйін енді біліп.
- Беймезгіл қайдан келген арбалы деп,
Ауылдың адамдары келді кіріп.
Сар сақал, сағал көзді сары албасты,
Төр жаққа үлкенімсіп қадам басты.
Түймелі кәмзолына тас орнатқан,
Әйелге ашық жүзді амандасты.
- Біздің де бір бәйбіше Семей кетті,
- Бұл дағы осал емес, теңей кепті...
Дегенсіп, апаш-құпаш сары май мен,
Ып-ыстық бауырсақты көмейлетті.
- Ес-аға, - десе біреу – бойың қалай?
«Ағасын» отыр біреу мойындамай.
Айтары енді бірі аман-есен,
Алтай қыс жайып шықты қойын қалай.
Тыстан-ақ сүр иісін сезіп кірген,
Бәріне алғашқыда сезік кірген.
Ес ағаң, өліп қалып...
кіре бере,
түске енбес молшылықты кезіктірген.
Аздан соң ет желінді қоңыр беспен,
Сөз бітті жолдан келген «қарындаспен».
Тіс шұқып, қол шәйісіп, кекірісіп,
Қайтуға жұрт жиналды жерін – жескен.
- Сөзім бар, уа, үлкендер, сәл сабыр ет,
Қызыңа жүрегіңнен қалса құрмет.
Қырық жыл шетте жүрдім сағынумен,
Жетім қыз, төркіні жоқ жанша еңіреп.
Жұбатты сонда мені ән еркесі,
Өзі емес, қорғағандай көлеңкесі.
Жігітті – күрсіңдіріп, қыз – мұңайтқан,
«Қорлансыз» басталған ба, өнер кеші?!
Түсті деп таршылықтың зобалаңы,
Естайын ұмытса ел не болады?
Бір күнгі тоя ішкен тамағыңнан,
Кекірік – желден басқа не қалады?!
Бір кезе аты кеткен хан, қараға,
Күтпесең әнші Естай – ол да бала.
Халқым-ау, қадірліңнің жөні осы ма,
Әкеліп қоймайтындай мал қораға.
Кезінде іні қылған, аға қылған,
Ас өтпей ағайынсыз тамағынан.
Осы Естай емес пе еді, бай итіне,
Жырымдап балағыңнан алғызбаған.
Өлмейді ән еркесі – елге қанат,
Қалмаспын қарыздар боп, менде қарап...
Дегенде жолаушы әйел, тым-тырыс боп,
Бәрі де отырысты жерге қарап.
- Қарағым-ай, бір білместік өткен екен,
Дедік ае, Есекенді өкпелетем.
Өзі де жайын айтып, жақ ашпайды,
Бұл сөзді жая көрме көпке, бөтен.
Кінала, көгендеп тіз босағаға,
Құрысын, қалсын бәрі осы арада.
Бас иді ауылдың үлкендері,
Бірі – ақ, бірі – қара қос анаға.
- Жә, онда – деді Жаңыл күлімсіреп,
(Келгелі күлгені осы бірінші рет)
Ауылдың алты ауызы бар емес пе,
Үлкенге жол болатын бұрын сілет.
Тыраштап деушілер көп: «Ән саламыз»,
Болса да ән – Қорланы аңсағаным.
Деуші еді – армансыбын осы әуенді,
Тыңдасам өз аузыңнан әнші ағаның.
Бір түнгі менің қолқам осы болсын,
Мың күнгі қуаныштың хошы болсын.
Кінәмшіл, кірсіз көңіл баяғыдай,
Сауықшыл салқар әннің көшіне ерсін.
- Жатыр ем... жапа-жалғыз күңіреніп,
Қорланым отырғандай бүгін өліп.
Жаңыл-тай жан семіртер лебізіңе,
Отырмын бойым балқып, жібіп, еріп.
Сандалдым, сыңарымнан айырғандай,
Қара жер қарсы алдымнан ойылғандай,
- Қорлан жоқ бұл жалғанда, деген сәтте,
Жалп еттім тас төбемнен жай ұрғандай.
Бұл Естай содан бері сөзге ілінді,
Құлықсыз құлақ біткен, көз жұмулы.
Болмаса сырқат та жоқ мендеткендей,
Көрек ғой ел қатарлы өз күнімді.
Екі жыл домбырамды шаң басқалы,
Басымды бақыт емес, сор басқалы.
Екі жыл ән түгілі, сөзден қалып,
Сенделіп бұл Естайдың алжасқаны.
Бұл ағаң осылайша етер ме еді,
Дегізіп төсектен бас көтермеді.
Қолқасы Жаңылжанның осы болса,
Уа, кемпір, домбырамды әпер, бері.
Қара түн – қасіретке көңіл батып,
Тұтанды Естай әнші – сөніп жатып.
Бос бұрап домбыраның қос ішегін,
«Қорланды» бастай берді қоңырлатып.
Жаулығын құлағынан сыра тастап,
Сыр ұғып сұңқылдаған бір адасқақ.
Есті әйел бас изейді, балқығандай,
Естайдың мына жайын ұға бастап...
Ән – Қорлан ә, дегеннен маздап кетті,
Көсеген қоламтадай қоздап кетті.
Отына күйе білген, сүйе білген,
Мың жыл да махаббатқа аз деп кетті.
Ән – Қорлан ә, дегеннен «хош» деп кетті,
Тұра алмай уағдасына «кеш» деп кетті.
Алысып, шабыса алмай заманымен,
Ашуын аюдайын кескектепті.
Ән – Қорлан бара-бара дертті етті,
Демейді жастық дәурен «өтті-кетті».
Салқын жас сақалына домалатып,
Әншіні жас адамдай кеңкілдетті.
Ән – Қорлан бара-бара боздап кетті,
Көп дертті көңілдегі қозғап кетті.
Дем жетпей қайырмаға деміктіріп,
Әншіні тұншықтыра жаздап кетті...
Әншіге кәрілік жоқ қанаттанса,
Ерлердей дабыл қағып ол аттанса.
Көмейде «Қоңырларын» төкті Естай,
Сарғайып сары белден таң атқанша.
- Жаңылжан, бұл әнімді сен деп салдым,
Үн жетпей көп созуға өңдеп салдым.
Қараусыз кәрі атандай күлге шөккен,
Айта жүр әні еді деп сергек шалдың.
Жаңылжан, бұл әнімді сен деп айттым,
Қорланнан қалған жалғыз көз деп айттым.
Ән қосқан аққуменен қайран басым,
Жамандай жылап, өксіп, терлеп айттым.
Ғұмырдың біразы – сор, біразы – жол,
Өнермін топырақта..., құнары мол...
Жаңылтай, сөге көрме шерлі ағаңды,
Ал, енді барға – мәзір, разы бол.
Деп Естай терін сүртіп, тыныстады,
«Жөн-ақ» деп жамырасты туыстары.
- Шіркін-ай, бар өкініш Естай өлсе,
Белгісіз домбырасын кім ұстары.
- Жоқ! – деді жолаушы әйел – сөзің жалған,
Білмейсің, не күтерін өзін де алдан.
Естайдың мұрагері қалың қазақ,
Қарамас мал-мүлкіңе сенің қалған.
Маңдайын жарқыратып жаңа заман,
Мұнды ұлын күн де келер бағалаған.
Аға әнші, жаз беліңді жаз келгенде,
Тұлпардай тайсалмай бас, тағалаған.
Жүз екен талай әнші құр еліктеп,
Ән – қорлан жеткізбейтін бір елік деп! ...
Ұрықсат сұады әйел ризалықпен,
- Жол ұзақ енді біздер жүрелік деп.
Әйелмен қоштасты жұрт қауқылдасып,
Арбаға беттеді ол салқын басып.
- Хош» - деді – Естай аға, енді есен бол,
Күн болғай жүздесетін жарқылдасып!
Ақкөлге баратын-ды саймен жүріп,
Арбакеш атын қайта айландырып,
Қайтадан Крекуге бет түзеді,
Көк арба тұрғандарды қайран қылып...
Төртінші тарау – жұмбақтың шешуі
Мәңгілік «Хош!» дегенін сезіп еді,
(Енді олар әнде ғана кезігеді).
Естайды соңғы рет іздеп келген
Сол әйел – қыз Қорланның өзі еді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу