09.06.2022
  57


Автор: Мерғали Ыбыраев

Табынудың ақыры

1. “Ит-тәңірі” – хикаясынан
Айту қиын:
Айын-жылын дәлірек,
Жеті ғасыр
Жаңа эрадан әрірек.
Жер бетінде болған екен
Бір қала,
Қара құлдан,
Қаншық иті көбірек?
Табыныпты:
«Иеміз!» – деп иттерге,
Иттен басқа
Именбепті түктен де
Адамдарға асылыпты күшіктер,
арсалыңдап,
Секілді бір – «сүткенже!»
Қарғы бауын
Соғады екен алтыннан.
Құл кірмепті күн-сарайға
Ол тұрған.
Ешбір пенде жекірмепті
«Кет, әй!» - деп,
Салып қалса,
Саналыпты антұрған.
Тіл тигізсе
Танауынан тесілген,
Теуіп қалса
Тізесінен кесілген.
Ит өлтіру сұмдық күнә болыпты.
Дағдыры оның,
Дар ағашыпен шешілген.
Жазымыштан дәстүр солай,
Жалғасқан,
Қатты ұрыста
Екі тайпа қандасқан
Бітім тапса
Бейбітшілік белгісі –
Жаңа туған
Жас күшікті алмасқан.
Содан кейін
Төс соғып, қол берген,
Серттесіпті
Соғысуға өңге елмен.
Арбаланған алтын беріп, ит алған,
Ырым қылып,
Жеңілген жақ -
Жеңгеннен.
«Иесінің»
Рухынан кім безген?!
«Ит сарайы» өріліпті күзбенбен.
Қу тезегін қаншықтардың
«Бас жаққа
Іледі екен:
«Сақтайды – деп тіл-көзден!»
Иттер бопты
Дағдырға би, асқа би,
Олар тоқ па?
Сұралмапты басқа күй.
Саналыпты:
Аппақ тудың гербісі,
Қаншық итті
Еміп жатқан қос сәби.
«Ит – иеміз!
Дініміздің ей, досы,
Басыңды ій,
Бола жатар өңгесі!..»
Ескерткіштің асты жазу
Осындай,
Ал үстінде
Арлан төбет бейнесі.
Икондар –
Ит мүсіні қашаннан,
Тасқа да оның тұр-тұлғасы
Қашалған!
Алтын тақта, патша алдында,
Ыдыстар,
Кілең иттің
Мүсінінен жасалған.
Кете ме деп қорғандардан
Хас түсіп,
Күзетіпті,
Ит болғанша асты ішіп...
Тұмса туған жас ананың
Емшегін
Емеді екен
Көз ашпаған жас күшік.
Ет жүрегі бұл қорлықтан
езілген,
Шыдайды екен
Жас аналар төзіммен
Иттей қалған
Иімеген мамасын,
Қызылшақа нәрестеге емізген.
Мамыққа сап,
Сол күшікті ақ ұлпа,
Масайрапты!
Соған ауып бар ынта,
Қортық күшік
Көз ашқанда – жетікүн.
Той бастапты
- Ит-иеміз, жарылқа!
Алған кезде
Ит қосылған бала атты,
Сөз бастаған
Батыр көсем жарақты.
Алтын-аяқ, күміс-көзе тұрғанда,
Итаяққа құйып ішкен –
Шарапты!
«Ит – әулие!
Түскен бір кез аспаннан,
Ол сүйікті!
Адамнан да басқаңнан»
Мінәжатын
Хормен халық айтқан соң,
Ат жарыс жоқ,
Ит жарысы басталған.
Сүртіліпті ит сүтімен
Денесі,
Нәрестеге
Той-домалақ бар осы.
Ит атынан
Бата берген кәрия
Сақалынан
Сорғалаған сорасы.
2. Раса сұлу мен Сыбызғышы– хикаясынан
Сол қалада,
Болған екен бір сұлу,
Тең келмепті:
Айсұлу мен Күнсұлу.
Содан қапты –
Бикештерге бал мінез,
Содан қапты –
Жігіттерге күрсіну!
Содан қапты –
Қыз біткенге адалдық,
Содан қапты –
Сұлу күлкі, балаңдық.
Атын естіп,
Ат арытып жеткендер,
Сүмиіпті,
Сұрай алмай амандық.
Жүрген кезде кілең мәжнүн
Ойды аңдып,
Ішерігі бар біреумен –
Айрандық
Қол ұстасып кете барған
Бір күні,
Туған жұртын
Таң тамаша, қайран ғып!
Ішіп-жепті
Жас сұлуды – көз ғана,
Той жасапты
Дүрліктірмей аз ғана.
Сүйіктісі болған екен
Бар-жоғы,
Сыбызғышы,
Жалаңаяқ, бозбала
Басы айналып,
Қуаныштан, шараптан,
Отырған жұрт
Кенет өсек таратқан.
Сыбызғымен сөйлесетін жарымен,
Күйеу жігіт
Сақау екен – жаратқан!
Саздан басқа
Айырмаған оң-солды,
Тумысынан
Сақау екен ол сорлы.
Сұлу жары
Жұрт көзінше жігітке:
- Сыбызғы ойна,
Көтер – депті еңсеңді!
- Рас, сақау
Менің мынау сыңарым,
Маған жақын
Келе алмаған бір адым.
Сөзбен емес
Сыбызғымен жеткізген,
Тілсіз сезім
Тұнығына құладым.
Байсың ба – депсұрағам жоқ,
Батыр ма?!
Әлі күнге
Естімедім атын да.
Сегіз жылдай,
Сыбызғымен тербеді,
Сонадайдан,-
Келтірмедім жақынға.
Бар жарымның
Сегіз қырлы өнері,
Маған басқа
Барма дүние керегі?
Текті сазбен
Мен мәңгідік жасасам,
Тентек-патша,
Тантыған – биөледі!
Деген сәтте,
Сұлу жары бағалап,
Демігіпті...
Күйеу жігіт ғаламат.
Сыбызғымен ұқтырыпты,
Есімін,
Сұңқылдатып.
- Менің атым Ар-ар-ат!
- Менің атым,
Менің атым – Арарат.
Алмадым ба
Жүрегіңді жаралап.
Сақаулығым сор болмаса
Басыңа,
Келтірмеспін,
Басқа ешбір жаманат.
Ғұмыр деген
Неге сонша келте осы.
Болғам мен де
Ата-ананың еркесі.
Жұмбақ жан ем,
Жарымаған дағдырым,
Жанды бақыт,
Жарым сенсің –
Серт осы!
Дегендей боп,
Сұңқылдаса сыбызғы
Раса жүзі
құп-қу болып бұзылды
- Басым ауырып тұрғаны деп
кірді үйге,
Жалғыз тамшы
Жанарынан үзілді...
- Қайда кетті?
- Неге кетті – дескенге,
Кері жауап
Бере алмапты еш пенде.
Сақау күйеу
Жымиыпты құпия
«Кеш жақсы ғой,
Дегендей боп – ештен де!»
- Сұмдық сыр бар!
Мына тұрған сақауда.
Жария етер
Жұмбақ сазын тақауда
Солай депті
Бір ғұлама сезгендей,
Қарап тұрып,
Қасиетті отауға!
3.Сері көсемнің серті туралы хикая
Бағынбайтын
Табиғатқа жан бар ма?!
Өтіп кеткен айналар жыл –
Арманға.
Раса сұлу
Алтын айдар ұл тапқан,
Тоғыз ай мен
Тоғыз күні толғанда.
Сақау әке
Жұрт айтқанын «құп» көріп,
Отырыпты
Бәкідейін бүктеліп
Масайрапты
Сері көсем семсерлі,
Мәңгі дәстүр
Бір өзіне жүктеліп.
Көзі оның
Омырауға түсіпті,
Алдырыпты
Жаңа туған күшікті
- Ит – тәңірі, жарылқа, - деп
Дуалап.
Итаяқтан бал шарапты ішіпті.
Сыбыр еткен үн шықпапты,
Жиыннан,
Содан кейін,
Емізуді бұйырған
Раса сұлу –
Алдыртыпты бұл дағы
Нірестесін.
Қасы-көзі қиылған.
Тік тұрған жұрт
Таңертеңнен бел үзіп
- Ох!
- аһ! – десіп
сусылдаған – дем үзік...
Сұлу ана...
Алма жүзі албырап,
Отырыпты
Өз – баласын емізіп.
Құл қолында
күшік қалған қыңсылап,
сұмдық көрсе
Тұра алады кім шыдап?
Қатын-қалаш екі бетін шымшылап,
Көсем сонда
Ақырыпты – қылышын ап:
- Атсын сені!
Ит – тәңірі қарғысы,
Атсын сені!
Ата-баба жарғысы
Апат сүтті
Адамзатқа емізген,
Сен боласың!
Соңғысы да
Алғысы.
Қызыл қаның қара жерге
Тамбас-ты
Ана емессің!
Болдың енді – албасты.
Тыныш жұртқа
Түндей қасірет шақырған.
Сен боласың!
Ең ақырғы,
Алғашқы!
Ақ отауға
кіргізгендей бұлт айдап,
Депті көсем
Куәсіне – жұрт айғақ.
Сұлу ана отырыпты
кәперсіз,
Күн көзінде ғажайып бір
күлкі ойнап.
4.Раса сұлудың қарғысы туралы – хикая
Барабандар қағылғанда
Күркірей
Жұрт жүгірген
Жамырасып дүркірей.
Жаңа алаңығ
Бура санды сақшылар,
Қалың халық
Тына қалған сілтідей,
Дар алаңын
Жұртпен қабат қамалап,
Шаһар иті
Үн беріпті абалап,
Тіс жара алмай
Жарлық күтіп тұрыпты,
Тізелері дірілдеген
Жамағат.
Төбеттері
Арсылдасып, жұлысып,
Қаншықтары
Қыңсыласып, ұлысып
Қан аңсаған кілең шұбар
Бөрілер
Кетер емес
Басқа жаққа жылысып.
Тазылар бар
Шашақ құлақ, біз тұмсық
Кәндендер бар пілге үрген
бір қырсық.
Серілер көп!
Семсер ілген беліне,
Сүйіктісі –
Күнклдеген күнге ұрысып:
Үсті толған:
Алтын, жақұт, лағылға,
Патша отырған
Піл сүйекті тағында
Тайыншадай қабан тісті
қос қасқыр,
сұлап жатқан
Тақтың екі жағында.
- Сөйле кәне!
Себебін айт күнәңнің.
Күліп тұрсың,
Алыс болғай жылар күн.
Ит – иеміз,
Аруағын қорласаң.
Қалмас түгің
Қабығындай жыланның.
Депті патша
сәл демігіп, дірілдеп.
«Ие» алдында
Именіп кеп, жығыл деп.
Жас патша ғой!
Жаны қимай сұлуды,
Ғашық болып
Қалған дейді, - «жүгермек!»
Жүзін бұлдап
Көрмеген ол айла ғып.
Раса сұлу
Сөйлеп кеткен ойланып:
- Адамзаттың
Билейтұғын дағдырын
Көктен түскен
Көр жамылғыр – қандай ит!
Ғұмырымыз
онсыз да аз, қып-қысқа,
Неге оны
Жем қыламыз жыртқышқа?!
Күн тимеген.
Жел тимеген кеудемді,
Жалат алман!
Қайдағы бір ит-құсқа...
Топ ішінен
Бір шал шығып:
- Дат, тақсыр!
Депті – дейді:
Не көрмеген ақбас бұл.
Шыққыр көзім шықпаса егер
сеземін!
Сіз сияқты
күйеуі оның «ақ қасқыр».
- Патша жолы бар емес пе
Ежелден,
өз нәсілі,
өз емшегін өзі емген.
Жары мұның
Жалғыз інің – Арарат,
Талай жылдар
Тар зынданда безерген.
Сақал мынау!
Жалған сөйлеп не қылам,
Сақау емес!
Саздарынан танығам.
Қашан көрдің
Патшазада жарына,
Жора бастап,
Жас күшікті жаныған!
Деген кезде
Атып тұрған патша жас,
Ойлайтұғын:
Үкіміме жоқ талас.
Бұйырыпты:
- Ғұламаның ал басын,
Өтірігі өзі өлгенше тоқтамас.
Иттер үріп
Қоя берген шуылдап,
«Әділ үкім! –
Әумесерлер дуылдап.
Қалтырапты
қалың халық қамыстай,
Шоршып түскен
Шақшадай бас – буынды ап.
- Шықсын бері!
Сақау жігіт ортаға,
Сұлу жары
Жалғыз жаза тарта ма?!
«Ласа» демей,
«Раса» - десе нанайық,
Патша үнінде:
Қызғаныш пен бар таба.
- Шын Арарат,
Отыр шыңырау зынданда,
Мені алда,
кәне мынау мыңды алда?
«Раса жарым» - деген сөзді
қайтала,
Шыбын жаның,
шығып кетпей тұрғанда.
- Раса!!! – депті
Сонда «сақау» сңқ етіп,
Патша таққа
Отырыпты жалп етіп.
Белгі берген
Құпияны ашқанша,
Басын апты алмас қылыш
жалт етіп.
- Күндестік жоқ,
Күш жүрмейді өлгенге,
Әттен шіркін!
Қалды-ау – ұлым шерменде.
Көкке саудым!
Емшек сұтін ананың.
Қарғыс атсын!..
Осылай дей бергенде,
Бола қалған бүкіл қала
сап, тыныш,
Екі жақтан
көтерілген ақ қылыш.
қақ бөлінген омыраудан
Қос анар,
Сылқ етіпті...
Бітті осылай –
Ақтық іс.
Тұра безген
Бетін басып қыз біткен.
Жалт беріпті
Шыдай алмай жүз біткен
Тап беріпті
Дегендей-ақ көп иттер:
«Ас осы ғой,
Бағанадан біз күткен».
5. «Мұхиттың арғы жағындағы Ребус атты қалада
ит басты, үріп сөйлейтін адамдар тұрады»
Сакс
(Эвро – Азиядан шыққан
дәруеш – жиһангер)
Ай өтсе де,
Жыл өтсе де арада,
Сол бір сұмдық
Өшпей қалған санада.
Жан түршігер
Тарапты бір жаманат,
Туған сәби
өледі екен қалада
Қара бұлттай,
Қалың қайғы төніпті,
«Раса сұлу
Қарғысы» деп сеніпті
Жүкті болған
Аналардың бәрінің
Омырауы
Тоықтай боп семіпті.
Осы қауесет
Талай жерге тараған.
Қан жұтқандай
Қаза құшқан сан адам,
Сүт шықпаған
Қан шығыпты емшектен,
Сол апатта
Айырылыпты баладан
Жыла енді,
Бәрібір ғой жылама,
Дұрыс құрсақ
Көтермепті бір ана,
«Жетпіс жылда
Жер бетінен өшесің» -
Деген екен
Басын алған ғұлама.
Адам басқа
Іс түскенде – кәріп-ті.
Далбарыну
Құтқарыпты халықты.
Қалтыраған шал-кемпірлер
көбейіп,
кәдімгідей
қала босап қалыпты.
Өз қағынан
Безіп шыққан құландай,
Ауыпты жұрт:
Індет сырын ұға алмай.
Сарайларға
Сайран салған ит толып,
Өлі қала қарауытқан мұнардай.
6.Аңыздың аяғы
Кел қиялым!
Ғалымдармен сынға түс,
«Үріп сөйлер,
Адамдармен» тіл қатыс
- Қияли! – деп күліскенше
көз жібер,
Сол бір шақта...
Барған шығар – бұл – Сакс!
Өшіре алмай,
Келсе егер жыл атын,
Адам шығар,
Ардақтауға тұратын.
Көрген шығар
Қала толған иттерді,
«Тұрғындарын» -
Ақылы жоқ бір атым.
Атландида!
Картада жоқ, жерде де,
Қазғаныңмен
Таба алмайсың теңге де.
Құртқан оны
Өз қолымен адамзат,
Құмырасын
қоймас үшін көрмеге.
Шындыққа егер
Шұғылалы сән берсе.
Бәрі өтірік,
Өтірік! – дей бергенше.
Ұмытпаңдар
Емшек сүтін ананың,
Жүрек тоқтап,
Көз жұмылып
Өлгенше!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу