Өлеңдер ✍️

  09.06.2022
  383


Автор: Мерғали Ыбыраев

Бауыр

Бауырым-ай!...
Қағілез бауырым-ай,
Қас-қабақты тұратын танып ұдай.
Сезіміңде соқты ма, дауыл ұдай,
Жалғыздардың қашанда жары құдай,
Өшіп-жанған шырпыдай, жарығым-ай,
Мына өмірдің салмағы-ай, ауырын-ай,
Бауырым-ай, езілген бауырым-ай! ...
Бауырыммен бір біткен бауыр едің,
Ауырудың ішінде – ауыры едің...
Мендегі бар бауырға ем тапса да,
Саған бауыр, таппадым дару, емін,
Дәрі деген қалайша ғаріп едің,
Сондықтан сағат санап желінемін,
Бауырыммен бір біткен бауыр едің,
Егіз бауыр жаралған бір енеден.
Сен ауырсаң жан құрсын жүдемеген.
Қос бауыры езілсе, кім шыдайды
Көңілі – тас, болмаса жүрегі – емен,
Егіз бауыр жаралған бір енеден.
Білмеймін езіп-езіп, кім үгіткен?!
Мендегі бар бауырдың күні біткен...
- Алғыз – дейді, білгіштер – бір-ақ сылып,
Алғызбаймын. Шыдаймын бір үмітпен,
Жұбана алмай, жылаймын – құр үгіттен,
Мендегі бар бауырдың күні біткен.
Білмеймін езіп-езіп, кім үгіткен?!
Ал, мендегі бауырдың күні бітсін,
Алғызбайын, көнейін, ұғынып шын...
Сені сақтап қала алсам, Сен сөйлеші,
Мені өлтірмес өмірде бір үмітсің...,
Ал, мендегі бауырдың күні бітсін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу