Өлеңдер ✍️

  09.06.2022
  99


Автор: Мерғали Ыбыраев

«Қоян» қыз

Құлдануға, құл болуға қарсымыз,
Бірақ, біздер сұлуларға жалшымыз.
Кілең жігіт ұмтылушы ек көмекке,
Кілем қақса, қақпа алдында көрші қыз.
Сұлу еді, сүйкімді еді, көпке үйір,
Кердендікпен, кербездіктен – жоқ түйір.
Көріп қалсақ көтерістік, жабылып,
Сөмкелерін, сеткілерін – тоқ бүйір.
Тілдескенде бір суынып, бір қызып,
Шығушы еді екі бетке күн жүзіп.
Дүкендерде, шұбатылған кезекте
Жіберуші ек алдымыздан кіргізіп.
Көпке дейін көрінбесе сағынып,
- Қарындас! – деп хал сұраушы ек, жабылып.
Іздейтінбіз түлдің де бір гүлгүлін
Мерекеде сыйлау үшін сабылып.
ІІ
Ойламайтын өңі түгіл түсінде,
Бір іс болды автобустың ішінде.
Біздің көрші біп-биязы, сызылып,
Отыр екен күлім қаққан пішінде.
Қандай сымбат, қандай ғажап мүсін деп,
Отыр көздер ту сыртынан ішіп-жеп.
Сыпсың сөзі әйелдердің әулекі,
Қалай ғана көлеңкесін түсірмек?!
Кондуктор кеп, сап етті де, ойда жоқ,
Сұрады одан: - Билетіңіз қайда деп?
Қыз үндемей теріс қарап кетіп ед,
Жуан әйел жұлқылады: «Әйда» деп.
- Ұятсызын қарашы өзін, бір емес, -
Екі емес, жасайтыны кіл егес.
Талай рет «Қояндығын» кешіргем,
Алғашқысы, ең соңғысы бұл емес!
Сұлу жүзі сұп-сұр болып, суынып,
Долылықпен бұлқан-талқан буынып.
Бес тиынға беттің арын төге сап,
Кетті сұлу автобустан қуылып.
Тістеп бармақ, амалым жоқ басқадай,
Тұра бердім төменшіктеп, масқарай!
Бір уыс боп бара жаттым, бүрісіп,
Қытымырдың қолындағы ақшадай...
Жайып едік қарындасқа біз құшақ,
Быт-шыт болды аяулы шақ, ізгі шақ...
Арын сенің төгілмесін алтыным,
Автобустан түсіп қалған қыз құсап!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу