08.06.2022
  522


Автор: Алма Қыраубаева

ЖЫЛАН МЕН ҚАРЛЫҒАШ

Бір күні Нұх пайғамбардың кемесін тышқан тесіп қояды. Ішіне су кіре бастайды. Нұх пайғамбар:
– Кімде-кім тесікті бітесе, қалағанын беремін! – дейді.
Мұны естіген су жыланы бірден іске кіріседі. Тесікті бекітеді. Нұх пайғамбар су жыланынан:
– Нені қалайсың? – деп сұрайды.


Жылан:
– Ненің еті тәтті болса, соны бер! – дейді.
Нұх пайғамбар ненің еті тәтті екенін білу үшін масаны жұмсайды. Ол бәрін шағып көреді. Адамның еті бәрінен тәтті екен. Соны хабарлауға кемеге қарай ұшып келе жатады.
Қарлығаш адамға дос еді. Ол өзінің ұясын адам тұратын үйдің ішіне салатын. Адам оған тимейтін.
Қарлығаштың жұмыртқасын жегісі келетін жыланды жолатпайтын. Қарлығаш қай үйге ұя салса, сол үйге бақыт келеді деген ұғым бар
Қарлығаш масаның алдынан шықты.
– Ненің еті тәтті екен, білдің бе? – деп сұрайды.
Маса:
– Білдім. Адамның еті бәрінен тәтті екен, – дейді.
Қарлығаш:
– Дәмі тіліңде бар шығар. Тіліңді шығаршы, мен де татып көрейін, – дейді.
Ақымақ маса тілін шығарады. Қарлығаш тұмсығымен масаның тілін жұлып алады. Ол быжылдап ештеңе айта алмай қалады. Екеуі Нұхқа келеді.
Нұх:
– Ненің еті тәтті екен, білдің бе? – дейді.
Маса быж-быж етеді. Сонда қарлығаш:
– Маған айтқан. Құрбақаның еті тәтті деген! – деп алдайды.
Содан былай жылан құрбақаның етін жейтін болады. Осылайша қарлығаш адамды жыланнан құтқарып қалады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу