Алма Қыраубаева

Алма Мүтәліпқызы Қыраубаева (26.5.1947, Бірқазан бекеті, Қызылорда қаласы, Қызылорда облысы — 5.2.2001, Астана) — ғалым, филология ғылымдарының докторы (1997), профессор (1998).

Қалғабай батырдың ұрпағы, Қыраубай батырдан тарайды. Әкесі — Мүтәліп Қыраубайұлы ақын, жыршы, палуан болған адам. Анасы — Күлжан Сүлейменқызы — Мұстафа Шоқайдың немере қарындасы. Үлкен нағашы атасы — Ысқақ молда, Құмжарған деген жерде мектеп ашып, Мұстафа Шоқайға ұстаздық еткен.

1970 жылы Қазақ Ұлттық Университетінің филология факультетін, 1973 жылы аспирантураны тәмамдаған. Ұстазы Бейсенбай Кенжебаевтің себепкерлігімен ҚазҰУ-да қызметке қалады. 1974 жылы ҚазҰУ-да ассистент, 1978 жылы аға оқытушы, 1981 жылы доцент, 1998-2000 жылдары профессор болып қызмет атқарған. Ұстаздығымен қатар 1993 жылы Жандосов ауылында қазақ гуманитарлық мәдениет лицейін ашады. 2000-2001 жылдары Мырзатай Жолдасбековтің шақыртуымен Астана қаласындағы Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқытушы, профессор және Қазақ ұлттық музыка академиясында қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарған.

Отбасында 3 ұл тәрбиелеген ардақты ана 2001 жылы 5 ақпанда, 53 жасында дүнеден өтеді.

Алма Қыраубаева жастайынан әдебиетке зер салып, «Қайын ата»(1969), «Ақ әже» т.б тақырыптарда әңгімелер жазып, шығармашылығы «Қазақстан әйелері» журналында жарияланып отырған.
Автор ұнаса, сақтап қойыңыз: