Өлеңдер ✍️

  08.06.2022
  366


Автор: Зәкіржан Қалкенбаев

Қос өзен

Қос өзеннің қоса құйған жерінде
Елім жатыр мына отырған менің де.
Сол қос өзен шабытыма нәр берген
Менің өлең жазатыным тегін бе?
Қос өзеннің тоғысатын жерінде
Айтылмаған әнім қалған менің де.
Екі өзен де құлап тынған құрдымға
Мен де құя алмағанмын Еділге.
Екі өзен де...
Мен де өкси көксегем
Алдымыздан шалқар дария өпсе деп.
Көк дарияға құя алмасам көп себеп
(аямайды кейде тағдыр-көксерек)
Күндер өтіп кетті абайсыз өкшелеп.
Екі өзенде...
содан бергі жазықта
Күн кешіппіз сайрандаудан жалықпай.
Су мен жырға суардық та талайды
Өзіміз де танылыппыз халыққа.
Мына мен! – деп кеудемізді ұрмаппыз


Күлкімізді ап қалыпты ұрлап қыз...
Арнамыздан асып кейде сыздаппыз
Алға асыппыз, бір сәтке де тынбаппыз.
Ырза болып көз тойдырған айбынға
Алға асыппыз құямын деп айдынға.
Аңғармаппыз адасқанын үміттің
Күлкіміздің қалғандығын қай қырда.
Көз алдынан күле қашып ұлдың да
Сол қос өзен құлап тынды құрдымға.
Болмайтынды болдырам деп болдырған
Есі кірген қара бала жүр мұнда.
Қос өзеннің қосып құйған жерінде
Одан бергі сары жазықта, елімде
Құлағыма өлең болып өбектеп
Бейкүнә арман аялаған мені де.
Мен де содан бір от алып кеткенмін
(Кімге керек қабыршақтап кепкен мұң).
...Қызығына мен елтіген ертегі
Қанатында кетіп қапты кептердің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу