Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  109


Автор: Асқарбек Бектемісов

Өмір-ай, өртемеші өзегімді

Шырылдаса жанымның бозторғайы,
Қамыққан жүрегім де сөз қозғайды.
Қайғы-мұңын сыртына шығарғаннан,
Ер жігіт ел алдында ез болмайды.
Мұңайсам көңіл-көлім дірілдейді,
Шаттансам көкте күнім күлімдейді.
Өзегімді өртеген өмірімді,
Айтпасам өзгелерге білінбейді.
Кеудемдегі жанымды шырылдаған,
Жаралады бұл күнім зырылдаған.
Ақ аспаным түнеріп сала берді,
Шалмайтындай бұлт келіп бұрын маған.
Жүруші еді мені айналып бұрын қайғы,
Өткен күнің қайтып саған бұрылмайды.
Бір “пәле” өзімнен де болды ма екен?!
Сақтанғанға ол келіп ұрынбайды.
Бәрі есімде сүрініп, құлағаным,
Жасағаным құлатар тек ұнағанын.
Сүрінбеңдер адамдар тегіс жерде,
Алладан осы менің сұрағаным.
Күн өткізем құлақтарын қайшылаған,
“ЬІлаңы” шығады деп қайсы маңнан?!
Сынағың маған деген бітсе егер,
Жасаған, ақжолыңды жайшы алдан.
Жарқыным, өз жайымды бердім айтып,
Мұңың болса сен-дағы көрші айтып.
Жасағаннан тілейтінім жалғыз тілек,
Өртемесін өзегімді енді қайтып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу