Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  128


Автор: Асқарбек Бектемісов

Жолығармыз біз әлі

Адалдыққа бала күннен құндақталғам,
Сондықтан адал жандар қымбат маған.
Жүргендер бар арамызда адалмын – деп,
Жүрісімен сынаптай сырғақтаған.
Адалдығым айналған айнымас ұраныма,
Аттатпайды қиянатқа бөгет боп тұрады да.
Адалдық киелі ұғым ұлтымызда,
Айналсын сенің де ол тұрақты тұрағыңа.
Тең бөліскен өмірдің қуанышын, кейісінде,
Таныстарым бар еді кеңпейіл ел ішінде.
Апыр-ай, қатар жүріп қалай байқамағам?!
Олардың бар екенін қаралығы кей ісінде.
Кезінде мен оларға Құдайдай сенген едім,
Сенгендіктен сөздеріне ерген едім.
Еркектердің сайқалдары екенін кейін білдім,
Сөз қылғанда көтеріп көрден ерін.
Оларға не болды екен тиісіп көрдегіге?!
Істеген “тірліктері” тірілерден өнбеді ме?!
Қазақтың қай салтынан көрдіңіздер,
Отырып есік жақта тіл тигізген төрдегіге?!
Көк долы қатындардай көк ерінді,
Арын аттап адамгершілік тегеурінді.
“Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді”
Дегендейін, арсыздыққа баратындай не көрінді?!
Неге олар жасады екен бұлай маған?!
Тұнық сезім бұл сұрақтан лайланған!
“Адамдар ғой кеуделерін ісік шалған”,
Деп құтылам жандардан осы жайды сұрай қалған.
Біреудің ала жібін өмірі аттамаған,
Тіл тигізіп аруақтарын даттамаған.
Ел емеспек есті қылып ұл өсірген,
Қайдан шықты ессіздер салтымызды сақтамаған.
Айта алмаймын оларды көрген ғұрып,
Күндерін көргендер ғой жерден жұлып.
“Тірілерді түгендеп болдыңдар ма?” деп сұраса,
Не дер еді аруақтар көрден тұрып?!
Олардың тірлігіне таңданамын кейде мен,
Саудың ішіп тамағын, аурудың сөзін сөйлеген.
Қалбалақтап жүрген жандар олар қоғамда,
Жаратқаным берерін толық бермеген.
Ұға алдың ба сөзімнің айтқан астарын?!
Айтқаннан жанап әрі қарай аспадым.
Білген сайын сол жандарды жақыннан,
Иттерімді жақсы көре бастадым.
Бұл тұрлаусыз өмір бір күн өзгереді,
Өзгергенді қашанда көз көреді.
Арын былғап алған арсыздарға,
Алдында Алла жауап берер кез келеді.
Сол кезде қоятын оларға сұрағым бар,
Алыңдар тыңдап бәріңнің де құлағың бар.
Болмадыңдар жөн сөз айтқан әйелдердей,
Енді сендер солардың қатарына сұраныңдар.
Жүрсіңдер-ау, айламызды асырдық деп,
Ісіміздің соңын суға жасырдық деп.
Аққа Құдай жақ – деген ұмытпаңдар,
Отырғам жоқ құттарыңды қашырғым кеп.
Жерің жоқ адал, арамдықтан жаралдың ба?!
Сау да емес шығарсың, дәрігерге қаралдың ба?!
Тау мен тау жолықпайды бірақ та біз,
Жолығармыз ар, болмаса дар алдында.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу