Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  277


Автор: Асқарбек Бектемісов

Алпыс асу асыппын

Көктем келе бүршіктері тал жарған,
Алпыс рет жапалақтап қар жауған.
Кезеңдерді қимай артқа қалдырып,
Алпыс рет аман қаппын жанжалдан.
Тірлігіңде сөз ереді жан-жақтан,
Маған да күйені қара сан жаққан.
Ондайлармен айтысып кек сақтамай,
Жүрегімнен жарығы мол шам жаққам.
Алыстатпай жақын тартып оларды,
Түсінсін деп қызығы мол қоғамды.
Түсінбедім кейбіреуін солардың,
Адалдыққа, сыйластыққа тар орамды.
Аққулардың көріп көлмен табысқанын,
Алпыс рет естідім сыбызғы дауыстарын.
Сақтап өтем сол бір әсем кездерімді,
Көктем мен күз алпыс рет ауысқанын.
Қалтыратқан қыс пен суық күздерімде,
Белгі қалды өткен менің іздерімде.
Келемін осы уақыт сүрініп, қабынумен,
Үкілі үмітімді болашақтан үзбедім де.
Алпыс күзде жоғалттым сан жақынымды,
Оны ойласам адастырам ақылымды.
Қайғы артынан келер деп бір қуаныш,
Жүйрігімді тебініп, қыса түсем тақымымды.
Өмірімде жолықтым тар өткелдерге,
Жолықтым жанымнан жылыстап кеткендерге.
Асыппын алпыс асу алқынумен,
Көз қадаумен келешек көктемдерге.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу