Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  87


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Тілім менің асыл-ау көнермеген...

Тілім менің асыл-ау көнермеген,
Мағынасы жыл сайын тереңдеген,
Тамырымды өткеннен суыртпақтап,
Сөздік жасап байқайын өлеңменен.
Пілді білген атамыз сөз алды ма,
Зілдей депті мамонттай ожарды да,
Қожырайып отырған жанды көрсем,
Динозавр келеді көз алдыма.
Дене зор деп адамның алыптарын,
Отырған ғой, шамасы, танып бəрін,
Əрқайсының атын да тауып қойған,
Сөз таныған бабамыз анық дарын.
Жүрген кезде салт атпен, күймеменен,
Қырсық, кесір көп болған үймелеген,
Жер сілкініп, талқан боп жатқан шақта
Зілзала деп ауырды бейнелеген.
Теріп алып қазағым зығыр дəнін,
Қайнатпаған, құр босқа зығырданын.
Малын сойып, қолдағы барын беріп,
Қонағына ұсынған қуырдағын.
Киіз үйі тігіліп арбасында,
Шомылдырған ханын да, ханшасын да,
Шүмектей қып терлетпей шығармайтын
Зығыр дəні даламның моншасында.
Шөгіндідей құлаған, таудан орға,
Қожаңдаған қождарға дəрмен бар ма?!
Зілдей болып арқаға батқан жүкті,
Пілдей болып көтерсем арман бар ма?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу