Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  69


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Талай рет жыладым

(он төрт буынды жыр)
Талай рет жыладым жүргенімде сый іздеп,
Тақырға да құладым жатқан жерім киіз деп.
Мен біреуді сөзбенен жайлап қана шымшып ем,
Мертіктіргісі келді ол мені сонда мүйіздеп.
Қарттар айтқан, жарықтық, болды бізге бата сын,
Тауқіметті қамыт қып тарттым тірлік соқасын.
«Жарайсың!» – деп біреуді қағып едім арқадан,
Ал ол соған, шамданып, күжірейтті жотасын.
Жалпақ елдің көңілін қалай ғана табасың,
Қалай беріп бағасын, қалай ғана жағасың?
Адамдар көп жаны ізгі, көңілі дархан, ақ, асыл,
Əзіліңді көтерер емес, бірақ, нағашың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу