Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  90


Автор: Ақылбек Шаяхмет

АНА ЖӘНЕ СУҒА ШОМЫЛҒАН БАЛА

Сенікі, туған елім, мендегі бар,
Жүрегім кіндік кескен жерге құмар.
Ауылда қара сирақ балақайдың
Астауға шомылғанын көргенім бар.
Есімде ауыл күні арайланған,
Сол сурет елестеді талай маған.
Бала отыр суды қолмен шалпылдатып,
Шешесі мейірленіп қарайды оған.
Сəбидің жанарынан нұр ұшқанда,
Жақын боп кеткен барлық туыстан да.
Ақ көбік үсті-басы, күлімдейді
Денеге ана қолы жуысқанда.
Күн – сұлу жер бетіне емініп кұр,
Қыр жатыр кербез қыздай керіліп бір.
Бала мəз суды төгіп, ал əйелдің
Көзінен ғажап шуақ төгіліп тұр.
Кетпейді көз алдымнан бала шағым,
Өмірге көп бересім, алашағым.
«Орныңды маған бер», – деп балақаймен
Алайда, қалай ғана таласамын?!
Қызық-ау жүрген кезім тасты уатып,
Əкеліп біраз жерге тастады уақыт.
Жоқ шығар бұл жалғанда деп ойлаймын,
Ананың шаттығынан асқан бақыт.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу