Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  75


Автор: Ақылбек Шаяхмет

БІЗДІҢ ҚАЗАҚ ЕР ЕКЕН

Біздің қала жұртының иті семіз, жаны арық,
Төрт қабырға ішінде отырғаны қамалып.
Үйі толған жиһаздар, бұйымдары шет елдің,
Жан-дүниесі алайда қалған-сынды тоналып.
Қасиетті ежелден іздеуші едік ауылдан,
Ақ сүт берген анасы, атасы бар қауымнан.
Бірақ, оның ақ шаңқаң жұмыртқадай үйлері,
Теңселіп тұр шайқалып нарық деген дауылдан.
Жерден өнсе, жерімді киелі ғой деп едім,
Елде болса ерніме тиеді ғой деп едім.
Айран сұрай барсам да ыдысымды жасырмай,
Мазамды алды даңғырлап бос қайтқан соң шелегім.
Жетім-жесір үйлерін сұғанақтар жағалап,
Бүгін мұнда сүт емес, ағып жатыр ақ арақ,
Ортасында солардың есеңгіреп, ес кетіп,
Қазақ салты қаңбақтай бара жатыр домалап.
Талай ғасыр жармасып арбасына өзгенің,
Пайда таппай үйіме қайтып келген кезбемін.
Еркектері уланған, əйелдері қуланған,
Түршіктірді жанымды көргенім мен сезгенім.
Тəуба дедім, əйтеуір, дастарханым кең екен,
Ассын дедім қазаннан қайта оралған берекем.
Өрт пен дерттің бəрінен аман өткен, шіркін-ай,
Қазақ деген шынында еңіреген ер екен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу