Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  102


Автор: Ақылбек Шаяхмет

ТІК ҰСТАЙЫҚ ЕҢСЕНІ!

Болғанмен бүгін қазақтың иемен елі,
Сұққысы келіп тұрған бар көбеге инені.
Одақтың тұсы кешегі, белгілі ғалым,
Диссертация қорғаған, мазмұны мəлім:
«Қазақстанның қансорғыш кенелері».
Қанымды сорып, тəніме жабысқанды да,
Досыма балап, құшақтап, табыспадым ба?!
Сырымды біліп, кенедей қадалып сүйіп,
Ішіме кіріп, тонымды сұрамай киіп,
Жыртылса жағам, арман не, алысқанымда.
Үретін иті, сасыған доңыздары да,
Бүрге мен биті, дүниеқоңыздары да,
Қиларын үйіп, жақсының кеудесін басып,
Арағын құйып, арудың етегін ашып,
Дастарханыма сілекей ағызбады ма?!
Ата-бабамыз нəр татпай, қаңғып қалғанда,
Тіл мен діннен айырылып, мəңгүрт болғанда,
Бармақ шайнаған кім еді?! Ес жиып елім,
Қарақұстардан қорғаса аққулы көлін,
Əлі де аңқау, салдырлақ, аңғырт болам ба?
Білектің күшін, көз нұрын, жіліктің майын,
Бəрін де беріп болған соң кіріпті уайым.
Еңсемді тіктеп, бойымды тура ұстайын,
Жауымды жіктеп, болайын ұрысқа дайын,
Ер болсам болдым, немесе құрып тынайын!
Жүректің нұры кептіріп көзімнің жасын,
Жайнамаз ғана еңкейткен ерімнің басын.
Кеудесі таза, қолы адал, талабы асыл,
Қабағы ашық халқымның қайраты басым,
Шығарар солар өрге де қазақтың тасын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу