Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  125


Автор: Ақылбек Шаяхмет

СҮЙЕМІН СЕНІ, ӨМІР, МЕН!

Еске алып өткен күнімді,
Отырмын ойды түлетіп.
«Іңгəдан» бастап жырымды,
Өмірге келдім шыр етіп.
Нұрланған көктем таңында,
Жатқанда байтақ жер көктеп,
Өмірдің сайран бағында,
Талпындым мен де еңбектеп.
Жүрмесем бəрін көріп кеп,
Бұл жырды, бəлкім, жазбаспын.
Өзгені көріп, еліктеп,
Тəй тұрып барып, қаз бастым.
Тізгіндеп асау көңілді,
Шыбық та міндім ат қылып.
Ойын деп ұғып өмірді,
Ойынға жүрдім жаттығып.
Көрген түс-сынды жалғанда,
Бөгетсіз сапар болған ба?
Адастым талай орманда,
Сүріндім талай жолдарда.
Артады жүгін үйулі,
Өтетін күндер күйбеңмен.
Жек көру менен сүйуді,
Сəбилік шақтан үйренгем.
Жатыр ма жерде күншілік,
Арманым менен мұратым.
Содан да шығар, тіршілік,
Сүйкімді тартып тұратын.
Бақытым менен мұңымды,
Өзіме мəңгі иемдеп.
Аяқтар едім жырымды,
Сүйем деп, шексіз сүйем деп,
Сүйемін сені, өмір, мен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу