Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  99


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

Шеберханада

Әу басында Құдайдың да күллі ісі
бұйрық екен,
Міне соның үлгісі:
бір кісінің пұлы, деді, бір жүрек,
бір жүректің құлы, деді, бір кісі.
Жасау керек сол жүректі мықты ғып
Тәңір ісі екендігін ұқтырып.
Жүрек – патша, күтсін, деді, жүректі
алпыс екі қан-тамыры тік тұрып.
Сарапталсын қанның ең бір қызылы,
тарап қалсын тамырдың да ұзыны.
«Құрылысқа» керек заттың барлығы
Алла алдында тұрды бір сәт тізіліп.
Жаратушы тағы бір сөз қыстырды:
Әр жүректе сапа болсын үш түрлі –
бірі – сабыр, бірі – қайрат, қанағат
деді-дағы жүріп кетті, іс тынды.
Сылт жүгіріс кабинетте, көкте әлгі,
Жүрек жасау. Өңге тірлік тоқталды.
Періштелер жұмылған-ды бұл іске,
Шақырусыз шайтандар да кеп қалды.
Жүрек жасау. Ал, қарбалас басталды,
періште әкеп құйды күрең жас қанды.
Адалдық деп тамшы қосты тарыдай,
Шайтан әкеп, мықтылық деп, тас салды.
Түсінікті. Жүре ме енді тасқа сын?!
Бүлдірді өстіп тамырды да, басқасын.
...Құдайды да Құдай атып қалмай ма,
шаруасына шайтан араласқасын?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу