👈 қаріп өлшемі 👉

  Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  34


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

ІШ ПЕН ТЫС

Өзіміздің Бас дәрігер бастаған
бес-алты адам,
ішінде бір қасқа адам:
көрсек, деді, аурухана іш-тысын.
бар ма, сірә, мұндайда
әрлі-берлі жөңкілуден басқа амал –
санитарлық-гигиеналық қарбалас:
халаттарда,
балақтарда бар ма лас,
көрпе, көпшік крахмалдап тастаған,
ұстап, иіскеп қара мықтап,
тінтіп біл,
арасында былшық жоқ па кірпіктің,
қоқып-соқып жатыр, бәлкім, бір түкпір –
бұрылыстарды,
қалтарысты қарап бақ!
Комиссия мүшелері талапты-ақ:
простыня-ларды көрді парақтап –
бәрі таза, бәрі әппақ.
Шегініп тұр анау асқақ тау да әппақ,
мына күйбең күйкі өмірден аулақтап.
Желкесіне шашын байлап бір-бір түп,
сестралар селтең-селтең жүрді үркіп.
Әппақ сырмен жалап шыққан жақтауды,
баспалдақтар мәрмәр таспен мақтаулы
көмкерілген,
жиектелген,
жабылған.
Қаңғыбас дерт,
микроптарға қағынған
қарсы атылар шприцтер оқтаулы!
Қылт еткенді қырқып түсер «сұр мерген»
доғдырлар жүр дайындалып үлгерген.
Терезеге қойылған гүл бірер түп
өз исіне өзі мас боп тұр елтіп.
Неткен ғажап аурухана!
Бұ сын-ды
тәртіп, таза-лық алдында қысылды
сәл жөткіріп, әлгі дөкей қасқа адам
таба алмады құптағаннан басқа амал:
– Құттықтаймын, бейнет, жеңіс, әуреңмен!–
Бас доғдырды қақты арқадан дәу қолмен,
тамырлары білеулене бастаған.
Осы сөзбен қоштаспақ ед сызылып:
– Тоқта, азамат!
Етіп едік біз үміт,
қара,– деді ылғи жолақ киген шал,
әне, деді ол, көзіңе рас илансаң!–
Терезеден бір қуысты нұсқады ол,
– Қол шошайтсақ – қолымыз тым қысқа қол,
дәрменсіз қол,
дауасыз қол және тым,
әдеті ғой, әдеті ғой, әдеті
қысқалықтың шолтаңдағыш келетін!
Келген болсаң бұйрық бере, қаулы ала,
бір қарашы тау жақтағы аулаға.
Келдің екен, егер жауар бұлт болсаң,
қоңыр желдің ыңғайына аунама!
Тау жақтағы аула, рас, қатты ылас,
көк шыбындар, ұш, жорғала, шапқылас!
Төккен айран ашыпты, әне, көпіршіп,
бір бұралқы ит соны оңаша отыр ішіп.
Сол тұста арық та өте алмайды,
өңешін
кептеп қалған шөп-шаламдар қоқырсық.
Ал, қасқа бас неткен ғажап кең адам,
кісілігі шамадан тыс, шамадан:
аулаға емес,
аула көрсеткен қартқа
кенет суып, жиіркене қарады, ал,
қалғандарын бастап дереу түсті алға,
кісілігі, кеңшілігі қысқан да,
әлгі қартқа сес көрсете бір қарап,
жалтыр дәліздер-мен кетті сырғанап.
Бас дәрігер тағы әкетті жұртты, әне,
Тағы да бір жылтырлықпен құртқалы.
Көк шыбындар ду-ду етті іштегі,
сыр мен әйнек жалт-жұлт етті сырттағы.
Аула бықсып жатса – кімді, нені емдер;
жалтыраған жақтаулар мен едендер,
көзді алдарсың,
мені алдаймын демеңдер!
Шаң, кір түссе менің сезім-санама,
жас гүл, сенің жұпарыңнан садаға –
бір желпісең – бәрі ғайып болады,
ауру кәрия өкпелейді тек әлі.
Бас доғдырға қас емес ол,
қыры ғып,
көрсетейін дегені емес ірілік.
Көңілінде тек көп-көп ойлар жүр ұлып –
қасқа бастар, қарасаңшы бұрылып!
Шын пәктікпен үміт етсек – ұлы үміт,
көз бояудан біз ғой талай ұлыдық?
Неңе мәз боп жылтырайсың, сыртқы бет,
ішің жатыр былығып?!


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы