Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  222


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Қарным ашты...

«Қарным ашты,
қадірім қашты»,- демен,
Бірдей таттым
тұщыны аштыменен.
Күн көшті ме?
Көңілім көлеңкелеу,
Түн көзінен
түңілген жасты көрем.
Қинайды екен
рухтың қарны ашқаны,
Тәтті еді ғой
арманның алғаш дәмі!?
Мына ғасыр
салмағы зілмауырдай,
Жарқылдайды
жаһаннам алдаспаны.
Тағдырымның
тамыры тартылғандай,
Ата-баба арманы
алқынғандай...
Бір бетімді
қара түн көлеңкелеп,
Бір бетімде
бақыттан бал тұнғандай!?
Жұмыр Жер тұр
айналып кіндігінде,
Жалғастырып
жайымен түнді күнге...
«Төсі қыстау,
Жағасы жайлау» болып,
Жатыр ұшып түтінім
түндігімде.
Алаң көңіл,
мұнар мұң,
күпті күдік,
Жер мен көктен
үзілмес күттім үміт.
Жайлауынан
сияқты көшіп жатқан,
Жаратқанын жатырқап
жұрт түңіліп???...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу