Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  90


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Дүмше дүние дөңгелегі айналып...

Дүмше дүние дөңгелегі айналып,
Мимырт маңып барады...
Күпшегінен кіндігіне байланып,
Шиқылдайды шабағы.
Ырдуанның ыңыранған дауысын
ызғырық жел жұтады.
Бүгін-ертең алмасатын ауысым,
уақыттың қысқарады тұтамы.
Арбакешке қамсау болмай сұр шекпен,
сырқырайды сүйегі.
Тіршілікті тепкілеген тірсектен
түннің қызыл иегі...
Тау түнеріп,
дала дел-сал шаршаған,
ыңыршаққа ілініп.
Сары жұрттың сағымындай сарша маң
белі қалған бүгіліп.
Қара жолдың қарға адым ұштығы
көрінбейді, көрсоқыр,
Қара жердің көтерілер ыстығы,
кеудеңдегі өлсе пір...
Қара өгіздің мойынтұрық мойнында
шешілмейді мәңгілік,
Барады еніп қараңғы түн қойнына,
дүмше дүние – әңгүдік...
Қара жолда арба кетіп барады,
тырсылдатып тұяқты.
Қара түннің қарашығы талады,
таң атпайтын сияқты...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу