Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  85


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Ауылға бармай....

Ауылға бармай,
“ауыл” деп тамсанамыз,
Ақиқатсыз айтылар қаншама аңыз?!
Қамалына қаланың қамалып ап,
Орақ орып ауызбен шаршамаңыз!
Баяғыдай ауылды елестетіп,
бос қиялды боздатып белеске өтіп
кетсең-дағы, ардақты ауылыңда
жан сүйсінер қалмады ерекше түк.
Жомарттығы жоғалған жұртыңнан да,
Омақа асқан,
үмітке ұмтылғанда.
Құрық ұстап құрдымда қалды ауылың,
Құт-береке құлықсыз құртылғанда.
Тіршіліктің тақымы терлеуіне
мұрша бермей,
өмірі өрлеуіне...
Қылқұйрығы қалмаған ауылыңның
қыстырылды қамшысы белбеуіне.
Сөгілгенде іргесі берекенің,
мерейін де ұмытты мерекенің.
Айрандайын ұйып кеп отыратын
алды естен шығарып Ел екенін.
Сағынады құл күнін құлдық ұрып,
Жібергенде жылдары жынды қылып...
Барымтасы басынып күндізінде,
тыншымайды түнімен ұрлық ұлып.
Жарылқанбай жағдайы “жекенің” де,
Мөңірейді мақсұты мекенінде.
Жетпістегі кемпірдің кәрі ешкісі
жетпегірдің барады жетегінде.
Кеуіп қалған итаяқ,
күбі қаңсып,
шөжелер жүр көденің түбін “аршып”.
Қарашығы суланған қара шалдың
Жанарында қалмаған сұғынар сұқ.
Аңыздағы ауылды аңсағамыз,
ертегідей елеске тамсанамыз!..
Өмірі өксіп,
өкпесі күйіп қалған
ауылға енді қалайша жан саламыз?..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу