Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  79


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Қазақ емес...

Қазақ емес,
“Қазақстандық ұлтпын” – Мен,
Санасы өліп,
миығынан “мұрт күлген”.
Егеменде еркіндіктен айрылып,
ұмытылады “Қазақ” атым жұрт білген.
Түркістанның тәу ете алмай Қазанын,
Ақ жолымның аз тарттым ба азабын?!
Кер заманда қайысса да қабырғам,
дәл осындай көрмеп едім аза-мұң...
Астымдағы атымды алып,
затымды ап,
Тағдыр-тағы тоздырмақ па тақымдап?!
бейтаныс би,
берекесіз болыс көп,
“ақырзаман” қалды ма әлде жақындап?!
Қай өмірде,
қай заманда жүрмін мен?
Қазақ едім үмітке көз ілдірген...
Ата-баба арманына жеткенде
“...стандық ұлт” боларымды кім білген?!
Сағым қуып сар далада сабылып,
Қанжығада қара терге малынып,
Дүрілдетіп дүниені даусымен
ата-бабам соңына ерген, ақ үміт,
ақталмадың нағылып?..
Ұшқан байлық,
ұшқан бақыт,
ұшқан құт,
ұрпақтарын ұлағатқа дұшпан ғып...
Зая кетіп Көкбөрілік күш-барлық,
(Құлап өлді құштарлық)...
Өркениет өзегінен өтемін,
Қазақ емес,
ұлт боп “қазақстандық...”
Ұлтшылдық па,
ұлтсыздық па ұрынған,
Солақайлық көрем әйтеу сұғыңнан!..
Айыпты боп аруақтың алдында
Түрік тегім тайғанайды тұғырдан,
Бар ма есті жан ұғынған???...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу