Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  398


Автор: Алмас Темірбай

Тәуелсіздік туралы мас ақынның монологы

...Тфу-тфу!
Тəуелсіздікке түкірдім,
Түкірікті түгел шашып бітірдім!
Менен бұрын айтқан екен бір ақын:
«Имансызға керегі не пітірдің?!».
«Тəуелсіздік» деген өзі немене?
Бізге оны біреу əкеп бере ме?!
Мен білмедім Тəуелсіздік не екенін,
Білер, бəлкім, бізден туған немере...
Келді бізге Егемендік, Еркіндік,
Дүр сілкініп, дүниені жел қылдық.
Қанаты жоқ күрке тауық секілді,
Көкке ұшам деп, қопаң-қопаң желпіндік...
Он бес жылда халқым қалай өзгерген?!
Озып шықты Мырқымбайлар өзге елден.
Əкімдердің амандығын тілеймін,
«Қазақ тілін үйренем» деп сөз берген.
Еге – менмін,
еркін күліп, жылаймын,
Бұ дағы бір бақыты ма Құдайдың?!
Астындамын – ауыр ой мен уайымның,
Үстіндемін – алтын менен мұнайдың...
Сол қалпында... біздің елдің шалдары,
Сол қалпында шоқпыт-шоқпыт шалбары.
Адам болса, болды, əйтеуір, баласы,
Аман болса, болды, əйтеуір, малдары...
Мен өмірді сүргім келген басқаша...
Қорқам, бірақ, біреу атып тастаса.
Жемқор мырза жерін сатып бітірді,
Таңғалмаймын, елін сата бастаса...
Зейнеткерлер заманды айтса, зар қағып,
Жезөкшелер күлер жұртқа, паңданып!
Баян Сұлу базарда жүр жан бағып,
Қозы Көрпеш вокзалда жүр жалданып...
Ауыл, ауыл...
Айдалаға тасталған,
Жетім ұлдай əкесінен жас қалған.
Жарты əлемнің жинап алған жарығын,
Астанамыз көрініп тұр аспаннан...
Өткен күнін ойлай қалса... жұрт тынар,
Мөлт-мөлт етіп мола үстіне шық тұнар.
Еске түссе, қорлық көрген ұлдары,
Жер-Ананың төбе шашы тік тұрар!
Тəуелсіздік тұрмаса егер тілімде,
Жүректегі жеңілдемес жүгім де!
Тілім менің тентіресе жұрт кезіп,
Тəуелсіздік, керегі жоқ түгің де!
Айта берсем, мен байғұста арман көп,
Арманыма алданамын, нанған боп.
Қазақстан тəуелсіздік алғанмен,
Қазақ тілі тəуелсіздік алған жоқ!
Айналайын,
халқым, мені жек көрме,
Өкпе-назым көп қой, сірə, өткенге!
Ақындардың патшасы еді бір көкем,
Патшалардың ақыны боп кеткен бе?!
Тəуелсіздік,
көп қой саған борышым,
Шамам жетсе, берем енді қол ұшын!
Мен – сондаймын, мақтай алмай, қиналам,
Кең пейіл жұрт, кешір мені, сол үшін...
Байтақ елді басқа ұлдарың мақтасын,
Даттаса егер, мені ғана даттасын.
... Тəуелсіздікке түкірдім,
Тіл мен көзден Құдай өзі сақтасын!!!
Тфə, тфə, тфə...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу