Аңыздар ✍️

  30.05.2022
  159


Автор: Бекен Әбдіразақов

Шәуілдір хикаясы

I
Бәлкім, аңыз, шын бұрын,
Сонау көне заманда,
Салған кезде шылбырын
Ауыртпалық адамға!
Бөген бойын жайлаған
Бай болыпты мыңғырған.
Төрт түлігі айдаған
Өріпті асып мың қырдан.
Бөген – өзен шап-шағын,
Жағасын жел қақпаған.
Малын баққан тапса кім,
Егін еккен таппаған.
Болмаса да шалғында
Кең жайлауы Арыстай.
Өткізіп ол да әр күнді,
Ағып жатқан қалыспай.
Жазда бірақ тартылып,
Көлшік, жылға болыпты.
Сулы Арысқа артынып,
Бай жылда ауып қоныпты.
Әмірлі бай – азулы,
Не жайлауға тоймапты.
Арыстан арық қазуды
Бөген қарай, ойлапты.
Еріккен бай қиялдап,
Жалғыз адам істесін,
Күші жетпес бұл аймақ
Сөйтіп, бармақ тістесін.
Орындаса шартты кім,
Бермек бопты бір қызын.
Ескермей соқыр, қарттығын,
Әйгілі ару Дүр қызын.
Мұны естіп боз бала,
Тамсаныпты жігіттер.
Ел ішінен сонда да
Табылмапты үміткер.
Ен жайлауды аңсаған
Ел көңілі елеңдеп,
Қосылса Арыс, жан саған
Жетпес еді-ау Бөген деп!
Қара халық қайысып,
Үміт артса бір ерге,
Бай үйінде шай ішіп,
Сөз етіпті күлерге!
Осы бейбақ жарлыдан,
Ер шығар ма білекті?
Бар деймісің арлы жан,
Намыс қорғар жүректі.
Теңі біздің Дүржанның
Қайдан болсын тбұл маңда.
Мына кедей мың жаны
Шүйіншіге тұрған ба?
Бай осылай асқақтап,
Буына нан піскенде,
Темірланнан қасқа атты
Пайда болды күш-пенде!
Жауырыны қақпақтай,
Найза бойлы азамат,
Көзі отты шақпақтай,
Нағыз қара қазақ-ай!
Көрген адам көңілі,
Тұлғасына қанғандай.
О, қазақтың өңірі,
Туғызғансың жан қандай!
Жатақ жұрты сабылып,
Көрсетті оған құрметін.
Малын сойып шабылып,
Құптады ел бұл бетін.
Ақсақалды қария –
Ауыл басы, ағасы.
Ақылы бір дария,
Балқұрақты жағасы.
Сый- құрметтің үстінде:
– Жатсың, қалқам, демеймін –
деді, –көктен түстің бе,
Талқысына кедейдің?
Әлде байдың қызынан
Бақ іздеген жансың ба?
Қай жұрт, қай жер тұзынан
Келдің? Айт, ел қансын да!
–Сөзіңіз жөн, ақсақал,
Тегім жарлы қасқа атты.
Ел ісіне тапса ақыл,
Ел алады жақсы атты.
Қызыққаным – көз емес,
Қалың кедей намысы.
Суға қанса бұл белес –
Елдің наны, табысы.
Соны ойладым, ағайын,
Әңгіме не созатын.
Енді ел қамын бағайын,
Қойшы Шәміл – өз атым. –
Деп жас жігіт түйгенде,
Кетті күдік тарқап-ақ!
Шабарман да үйге енді,
Бай сәлемін арқалап.
ІІ
Тоғайында Арыстың,
Түрлі ағаш өседі.
Мен де, достар, таныспын
Бала күннен кешегі.
Жалаңаяқ жарысып,
Құлыншақтай ойнағам.
Албырт оймен алысып,
Қызығына тоймағам.
Гүлін теріп
көктемде,
Етектегем жемісін.
Қазір шалғай кетсем де,
Қымбат,
Арыс
мен үшін!
Шәміл де сол тоғайдан,
Сап алыпты кетпенге.
Бір кетпені зорайған
Төбе бопты төккенде!
Көлтоғанның тұсынан
Арық тарта бастапты.
Төбені көз ұшынан
Ойдым-ойдым тастапты.
Екі күнде еңсеріп,
Темірсайды қазіргі.
Нарша тиді белсеніп,
Тау топырақ қазылды.
Ауыл біткен жұмылды,
Жайып салып құшағын.
Білмей Шәміл тынымды,
Құйды тыңнан күш ағын!
Біріәкелсе айранын,
Бірі көже ашытты.
Ұстарадай қайрауын
Шыңдап жанын тасытты.
Қайраттанған асылжан,
Елер емес бұл сынды.
Қыз да сырын жасырған
Оңашада күрсінді.
Көріп батыр тұлғасын,
Қанық боп зор даңқына.
«Ылайық-ау, бір басың
Мен түгіл, бар халқыңа!»
Деген оймен Дүр сұлу
Ұйықтамайтын талай түн.
Шыққан шақта Күн сұлу
Адырға ұзақ қарайтын.
Шәміл даңқы, атағы,
Сүйсіндірсе бар елді,
Байға жетіп жатады
Суық желдей, ал енді.
Қара бұлттар аспанын
Көмді күнін қазалап.
Тынышы жоқ қасқаның,
Соқыр ойлар мазалап.
Шынымен-ақ жалғызын
Қойшы құшып сүймек пе?
Мың жылқы, мың нар қызын
Тегін беріп күймек пе?
Асыл текті сүйегін
Жалшы аяғы аттай ма,
Қойшы десе күйеуің,
Таңбадай боп бптпай ма?
Осылай бай қысылып,
Жан дауыстап жаман үн.
Құтылудың ісі қып,
Тапты, әйтеуір, амалын.
Ер Шәміл де Дүр қызды,
Ұнатыпты тек іштей.
Жүректегі нұр қызды
Көріпті жас егістей.
Көз алдына елестеп,
Қуат беріп жанына,
Қалды екі-үш белес деп,
Көп демепті тағы да.
Арық бойын орталап,
Қалған шақта қай күні.
Дүрді көр деп қолқалап,
Шақыртыпты бай мұны.
Ақ боз үйлер Бөгенде,
Аққудай-ақ қоныпты.
Ай қалықтап төбеде,
Ләззәт шіркін молықты!
Оңаша үйде Шәмілді
Шарап беріп мас қылды.
Бай арам ой жамылды,
Жұмсады бір қасқырды.
Кедей сорлы сезбепті
Мерт боларын нарының.
Бай да соны көздепті,
Көзін байлап бәрінің.
Қаны ердің төгіліп,
Пышақтыда өліпті.
Егілгенде егіліп,
Кедей қорлық көріпті.
Ақ төсіне пышақ сап,
Азап тауып сол түннен.
Дүр де арманын құшақтап,
Сонда өзін өлтірген.
Ел ұмытпай қос ұлын,
Жерді атаса: Шәміл-Дүр.
Туған жері досымның,
Шыққан дейді Шәуілдір!
Екі өзен тілдеспей,
Екі ғашық қосылмай.
Бақыт лебі бір де еспей,
Аңыз бопты осындай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу